Алматы-3 теміржол вокзалы құрылысы басталып, 2026-2027 жылдары ашылуға тиіс. Қалада үшінші теміржол вокзалын салуды көздейтін (ЕТЖ) жобасы таныстырылды.
Бұл жоба бұрын жарияланған бірқатар құжатта көрсетілген. Соның ішінде Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында және көлік қаңқасының шебер жоспарында көрініс тапқан. Жаңа жоба Мәдениет шағын ауданында басталмақ.
«Жаңа теміржол платформасын салуға арналған аумақ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға тиесілі магистральдық желіде орналасқан. Вокзал Мәдениет шағын ауданы маңында салынады. Платформаны «Қазақстан темір жолы» салады. Біздің басты міндетіміз – ЕТЖ-да вокзал мен вокзал маңындағы алаңды қамтамасыз ету болды. Қазір 2 апта бұрын жарияланған көлік қаңқасына сәйкес техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр. Біз оның мерзімін 2026-2027 жылдар деп қарастырып отырмыз», – деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.
Алатау ауданындағы Алматы-3 вокзалының құрылысы агломерацияны дамыту жөніндегі жобалар кешеніне кіреді. Жаңа теміржол платформасы жүк және жолаушылар легінің бір бөлігін қайта бағдарлауға, айналымға қосымша жолаушылар пойыздарын қосуға мүмкіндік береді. Соның есебінен қалалық автожол инфрақұрылымының көлік жүктемесі азаяды.
Алматы әкімдігінің өкілі Kursiv тілшісіне берген жауабында әкімдік жобаның техникалық экономикалық негіздемесін дайындап, құрылысқа кететін қаржыны есептеп шығатынын айтты.
Былтыр Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында қаладағы екі темір жол вокзалы да «Қазақстан темір жолы» АҚ балансына қайтарылатынын мәлімдеген еді.
«Екі вокзалды да ҚТЖ-ға қайтарамыз деген шешімге келдім. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені бір кездері оны неге екенін қала балансына алған. Вокзал темір жол инфрақұрылымының бір бөлігі», — деді Досаев.
2018 жылы «Алматы-1» мен «Алматы-2» вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне берілген болатын. Ол кезде қала әкімі Бауыржан Байбек болатын.
«Нұршашқан» және «Қайрат» шағын аудандарын тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы «Тұздыбастау» электр қосалқы станциясы пайдалануға беріледі. Ерболат Досаев бұл станцияның 2500-ден астам абонентті қамтитынын айтты.
«Қазіргі таңда подстанцияның өзі салынған, жеке меншік аумақтар арқылы кабель желісін жүргізу үшін инженерлік коридорды келісу мәселесі ғана қалып отыр», – деді Ерболат Досаев.
2022 жылы Түрксіб ауданында 24 км жаңа электр желісі салынып, 13 трансформаторлық подстанция реконструкцияланды. Ал 2023 жылдың желтоқсанында «Әлмерек», «Нұршашқан» және «Шуақты» шағын аудандарында электр беру желілерін жаңғырту аяқталады.