Жаңалықтар

Тейлор Свифт, Майли Сайрус, Билли Айлиш. «Грэмми – 2024» жеңімпаздары белгілі болды

Тейлор Свифт, Майли Сайрус, Билли Айлиш. «Грэмми – 2024» жеңімпаздары белгілі болды / REUTERS/Mario Anzuoni

Лос-Анджелесте америкалық «Грэмми – 2024» музыкалық сыйлығының 66-шы марапаттау рәсімі аяқталды. 5 ақпан күні түнде өткен марапаттау рәсімінде 94 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. 

«Грэмми» жеңімпаздары

Тейлор Свифттің «Midnights» альбомы «Жылдың үздік вокалды поп-альбомы» номинациясын жеңіп алды. Ол бұл марапатты 4 рет жеңіп алған алғашқы әнші әйел атанды.

Майли Сайрустың «Flowers» әні «Жыл жазбасы» деп танылды.

REUTERS/Mike Blake

«Көркем фильмге жазылған үздік саундтрек жинағы» – «Барби» фильмінің альбомы. 

«Жылдың үздік әні» – Билли Айлиштің «Барби» фильміне жазған «What Was I Made For?» әні.

REUTERS/David Swanson

«Жылдың жаңа жұлдызы» – америкалық әнші Виктория Моне.

SZA есімді әнші бірден үш марапатқа ие болды: «Үздік дуэт» (SZA мен Фиби Бриджерс дуэті — «Ghost in the Machine» әні), «Үздік R& B» («Snooze» әні), «Заманауи жанрдағы үздік альбом»(«SOS» альбомы).

Бірден үш сыйлыққа ме болған рэпер

Сондай-ақ үш мүсінді рэпер Киллер Майк алды: «Үздік рэп композициясы» («Scientists & Engineers»), «Үздік рэп орындаушы» және «Үздік рэп альбомы». 

Айта кетейік, марапатты алғаннан кейін орындаушыны полиция ұстап алып кетті. Полиция мәліметіне сәйкес, ол құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген.

Killer Mike Wins Best Rap Performance For "SCIENTISTS & ENGINEERS" | 2024 GRAMMYs Acceptance Speech

Бейнебаындар ішінен «Үздік музыкалық бейнебаян» – «I ‘m Only Sleeping», The Beatles.

«Үздік би жазбасы» – Кайли Миноуг «Padam,Padam».

«Үздік дәстүрлі R & B» – «ICU», Коко Джонс.

Жеңімпаздардың толық тізімін сілтеме арқылы көруге болады.

Аталмыш марапаттар 2022 жылдың 1 қазаны мен 2023 жылдың 15 қыркүйегі аралығында шыққан әндер мен альбомдар үшін берілді. Биыл үш жаңа санат қосылған: «Үздік африкалық музыкалық қойылым», «Үздік альтернативті джаз альбомы» және «Үздік данс-Поп».

«Грэмми» тарихы

Америкалық «Грэмми» сыйлығы 1958 жылдан бері табысталып келеді. Сыйлық әртүрлі музыкалық стильде шығарма жазатын музыканттар мен орындаушылардың жетістіктерін атап өтеді. Марапат коммерциялық жетістікке, хит-парадтағы орындарға қарамастан, АҚШ Ұлттық дыбыс жазу академиясы мүшелерінің шешімімен беріледі.

2021 жылы «Грэммиді» 20 жастағы қазақстандық диджей Иманбек алған болатын. Ол  америкалық рэпер Saint Jhn Roses әніне «Үздік ремикс» жасап шыққан.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қаңтарда Калифорнияда «Алтын глобус» сыйлығының 81-ші тапсыру рәсімі өтті. «Үздік драма» – Кристофер Ноланның «Оппенгеймер», «Үздік шетелдік фильм» – Джастин Триенің «Құлдырау анатомиясы», «Үздік анимация» – Хаяо Миязакидің «Бала мен құс» фильмі болды.