Шымкентте Қазақстанның ауқымды шахмат чемпионаты аяқталды
Шымкентте Қазақстандағы ауқымды шахмат чемпионаты аяқталды. Бұл туралы Шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, жарыста алдағы Әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғайтын спортшылар анықталды. 6 жастан үлкен спортшылар арасында болған іріктеу нәтижесінде классика, Блиц және рапид чемпионаты болды. Ал 6 жасқа дейінгі спортшылар эксперименталды түрде өзара бақ сынасты.
«Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймын. 600-ден астам қатысушының арасында ең мықты болу – керемет нәтиже. Бұл күнделікті еңбектің, таланттың, мінездің және осы керемет ойынға деген шынайы сүйіспеншіліктің нәтижесі. Әрбір ірі турнир бізге әртүрлі аймақтар мен мектептерден келген жаңа есімдерді ашатыны қуантады. Бұл шахмат спортын дамыту мен біз таңдаған бағыттың дұрыс екендігінің белгісі. Бүгін жарыста жеңгендер ертең халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғайды. Әлемдік біріншіліктерде ең жоғары наградаларға күреседі. Барлық балаларға спорттық жетістіктер тілеймін»,– деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Классикалық шахматтың нәтижелері:
- 6 жасқа дейінгі ұлдар: 1.Қайрат Абдул-Мәлік (Астана) 2.Айтмұханов Мейірхан (Алматы) 3.Ермек Санжар (Атырау облысы)
- 6 жасқа дейінгі қыздар: 1.Жұбатхан Асылым (Астана) 2.Шибаева Альнура (Алматы) 3.Софи Парк (Алматы)
- 8 жасқа дейінгі ұлдар: 1.Елемес Нұрмұхамед (Алматы) 2.Ұлан Ризат (Алматы) 3.Әлтайыр Альмир (Астана)
- 8 жасқа дейінгі қыздар: 1.Бисалиева Әлиша (Астана) 2.Шаманова Амира (Астана) 3.Ким Лейла (Алматы)
- 10 жасқа дейінгі ұлдар: 1.Жауынбай Әлімжан (Астана) 2.Большаков Нұралы (Алматы) 3.Мақсатұлы Рахым (Алматы)
- 10 жасқа дейінгі қыздар: 1.Жұмабаева Әлия (Павлодар облысы) 2.Филиппов Милан (Алматы) 3.Мұздық Елизавета (Астана)
- 12 жасқа дейінгі ұлдар: 1.Ержанұлы Ернұр (Қызылорда облысы) 2.Смирнов Марк (Алматы) 3.Ахмед Сүлейман (Павлодар облысы)
- 12 жасқа дейінгі қыздар: 1.Аманжол Ханзада (Ақтөбе облысы) 2.Диасқызы Далия (Алматы) 3.Өмірсерік Әлима (Алматы облысы)
«Шахмат керуені»
Естеріңізге сала кетейік, «Шахмат керуені» 10 қыркүйекте Көкшетаудан бастау алған, екі ай бойы Қазақстанның бүкіл облыс орталықтарын аралайды. Қазақстан шахмат федерациясының бұл бастамасы Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жобаның идеясы Қазақстан тарихы және Ұлы Жібек жолының керуендерімен байланысты. Ұлы Жібек жолындағы керуендер тек тауар ғана емес, жаңа ілім-білімді де жеткізуші болды, соның арқасында шахмат Үндістаннан Азияға да, Еуропаға да жетті. Шараның басты мақсаты – еліміздің ең шалғай аудандарында да ойынды кеңінен насихаттау.
Тамыздың соңы – қыркүйектің басында ФИДЕ ережесі бойынша республиканың 20 қаласында (соның ішінде Алматы мен Астана) блиц бойынша бірыңғай іріктеу турнирі өтті (бұл форматта ойын 10 минуттан аспайды). Әр облыс бойынша 70-тен 160-қа дейін адам қатысты. Бірінші кезең қорытындысы бойынша облыстық жартылай финалға жолдама алған 20 ойыншы іріктелді. Турнир – Қазақстан шахмат федерациясының ауқымды ребрендингінің бір бөлігі. Жоба туралы ҚШФ вице-президенті Александр Бабенко «Курсивке» толығырақ айтып берген. Керуен жолы бойындағы үздік бес қаладағы нәтиже туралы мына жерден оқи аласыз. Саяхаттың бейне шолуын KazChess YouTube арнасынан көре аласыз.