Қазақстанның газ саласында әлеуеті зор. Бұл бағытта дұрыс іс атқарылып жатыр. Алайда бұл салада мамандар тапшы. Бұл туралы Energy подкаст қонағы Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) вице-президентінің кеңесшісі Аслан Бөлекбай мәлімдеді.
«Салалық министрлік пен QazaqGaz ұлттық компаниясы инвесторларды ынталандыру бағытында оң бастамаға қадам жасауда. Бұл іс атқарылмаса, газ өндіру ісіне ешкім қаржы құймайды», – деді сарапшы Energy Podcast Youtube арнасының авторы Абзал Нарымбетовке берген сұхбатында.
Аслан Бөлекбай елімізде жылдар бойы 1 мың текше метр газдың құны 9 мың теңгені құрағанына назар аударып, бұл баға экономика үшін тиімсіз болғанын атап өтті.
«Мұндай бағаға ешкім газ іздемейді, таппайды, яғни өндірмейді. Министрлік пен QazaqGaz инвесторлар үшін орта әзірлеуде. Баға саясаты дұрысталса, инвестор келеді. Кез келген саланың жетістігіне қызмет көрсетуші компаниялар, олардың технологиясы, кадры, ресурсы тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұнай-газ саласында көбінесе құрылысшылар. Қазақстанның мұнай-газ саласында High-tech – жоғары технологияға, геологияға, өндіру ісіне қатысты мамандар өте аз», – деді ADNOC вице-президенті.
Айта кетейік, 2023 жылы газдың орташа бағасы 1 мың текше метріне 40-50 долларды құрады. Алдағы уақытта баға шамамен 110-120 долларға дейін өседі деген болжам бар. Бағаның өсуі инвесторларды геологиялық барлау мен газ қорын игеруге ынталандырады.
Аслан Бөлекбай кез келген компанияны алға ілгерілетудің 3 маңызды алғышарты бар екеніне тоқталды.
«Бірінші – технология, екінші – процесс, үшінші – мықты адамдар», – деді сарапшы.
Аслан Бөлекбай Қазақстан мен АҚШ-тың газ өндіру саясатын салыстырып, елімізде газ қоры көп екенін түсіндірді.
«Бізде жер қабатының мұнай мен газды өткізу көрсеткіші бір мили дарсиден аз болса, рентабельдігі төмен саналады. Ешкім мұндай жерде газ өндірмейді. Ал Америкада 1 мили дарси деген коммерциялық кен орны саналады. Қазір олар көлденең қазу арқылы 0,1 мили дарси жерден де газ өндіріп жатыр», – деді сарапшы.
Ол Таяу Шығыстағы мұнай-газ елдері АЭС салуға мәжбүр болып отырғанын алға тартты.
«Қазақстанда электр қуатын шамадан тыс пайдалану қыс мезгілінде болады. Өйткені жылдың осы мезгілінде адамдар электр пештерді қолдана бастайды. Таяу Шығыс елдерінде, керісінше, электр қуаты жаз мезгілінде көп тұтынылады. Себебі олар ауа баптағышты үздіксіз қолданады. Соңғы 5 жылда олардың электр қуатына деген сұранысы күрт ұлғайды. Бұған халық санының өсуі, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы себеп болды. Олар елді электр қуатымен қамтамасыз ету үшін күніне 1 млн баррель мұнай жағады. Бұл экспортқа шығаратын өнім көлемі. Электр қуатының тапшылығынан құтылу үшін Таяу Шығыстағы мұнай-газ елдері атом электр станциясын салуға мәжбүр болды. Таяу Шығыс мәселені жер қойнауында газды сақтау арқылы да шешіп көруге тырысты. Яғни тұтыну аз болғанда жер астында газ қорын сақтап, ал тұтыну көлемі көбейген кезде қордағы газды жұмсау. Оларға атом электр станциясын салу арзан әрі тиімді болып тұр», – деді Аслан Бөлекбай.
ADNOC вице-президентінің мәлімдеуінше, Қазақстанда жер қойнауында газ сақтауға арналған үш қойма бар. 3 койманың біреуі «Шағырлы-Шөмішті», екіншісі «Амангелді» газ кен орындарында орналасқан.
«Үшіншісі, Маңғыстау немесе Ақтөбе жақта болуы керек. Бұл қоймалардың газ сақтау көлемі үлкен емес», – деді ол.
Аслан Бөлекбай Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мықты мамандардың шетелге кетуіне айлық жалақының мардымсыздығы түрткі болып отырғанын айтты.
«Бұл – табиғи процесс. Қазақстаннан көп мамандар кетіп жатыр. Алайда бұл адамдардың болашақта Қазақстанға пайдасы тиеді. Себебі олар шетелде бизнеспен айналысқанның өзінде Қазақстаннан кадр тартады», – деді сарапшы.
Айта кетейік, 2023 жылғы дерек бойынша, елімізде газдың барланған қоры – 3,4 трлн текше метр. Осы көлемнің 81%-ы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарына тиесілі.
Бұдан бұрын тауарлық газ бағасы бір жыл ішінде 20%-ға қымбаттайтынын жариялаған едік. Мақалада газдың көтерме бағасы не себепті көтерілетіні түсіндірілген болатын.