Келесі премьер кім болады? – сарапшылардың болжамы
7 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Әзірше отставкаға кеткен премьер-министрдің міндетін бірінші орынбасары Роман Скляр атқарып жатыр.
Келесі премьер кім болады, ол қалай тағайындалады? Бұл сұраққа өзгелерден бұрын президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап берді.
«Конституциямызға сәйкес, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі Amanat саяси партиясы ұсынған кандидатураны қарайды. Мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны мақұлдаған жағдайда келісім алу үшін оны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді. Мәжіліс келісім берсе, Президент жаңа премьер-министрді тағайындайды. Содан кейін Қазақстан Республикасы үкіметінің құрамын жасақтау процесі басталады», – деді Ақорда өкілі.
Біз саясаттанушылар мен экономистерге хабарласып, төмендегі сауалдарды қойдық:
- Әлихан Смайлов басқарған үкімет қандай ісімен есте қалды?
- Жаңа үкiметке қандай міндет жүктелуі мүмкін?
- Келесі үкімет басшысы кім болады деп ойлайсыз?
Сарапшылар пікірі
«Үкіметтің бүгінгі отставкасы алдын ала жоспарланған дүние емес. Бұл отставкаға осыған дейін қалыптасқан саяси жағдай тікелей әсер етті деп ойлаймын. Жалпы, отставкаға кеткен үкімет экономика саласындағы міндетін шамасы келгенше орындады. Инфляцияны төмендетті, экономикалық өсімге қол жеткізді. Дегенмен қоғамға жақын болмады. Ашықтығы байқалмады. Саяси жауапкершілікті мойнына ала алмады. Президенттің сенім үдесінен шықпады деуге де болады. Өзі атқаруға тиісті жұмысты Мемлекет басшысына жүктеген кездері де есте қалды», – деп жуап берді алғашқы сауалға Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым.
Оның айтуынша, келесі үкімет осыған дейінгі үкіметтің қателігін қайталамауға тиіс.
«Үкіметтің жұмысы ашықтық принципіне негізделуі керек. Әлихан Смайыловтың үкіметі баспасөзге де, халыққа да ашық болған жоқ. Депутаттық сауалдарға да сырғытпа жауап беріп жүрді. Келесі үкіметке әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу міндеті жүктелетіні айдан анық», – деді депутат.
Айдос Сарым келесі премьер кім болатынын тап басып айта алмайтынын, болжам жасамайтынын жеткізді.
«Келесі премьердің кім болатынын анықтаудың және оны тағайындаудың белгілі бір процедуралары бар. Барлығы соған сәйкес атқарылады. Премьер кім болады дегенге болжам жасамаймын. Роман Склярдің үкімет басшысы болуы екіталай. Ол бұл лауазымды уақытша атқарып отыр», – деді мәжілісмен.
Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Әлихан Смайылов басқарған министрлер кабинеті дағдарыс кезіндегі өтпелі үкімет ретінде есте қалды.
«Экс-премьер министр атқарған қызметіне қаңтар оқиғасынан кейін келді. Ол Қазақстан үкіметін Украинада соғыс жүріп жатқан кезде басқарды.
Ә.Смайлов кезінде үкіметтің құрамы жаңарды, өзгерді. Үкімет 2022 жылды күреспен өткізді. Құрылымдық реформа жүргізудің орнына, отставкаға кеткен үкімет оң мағынасындағы экономикалық популизммен айналысты. Түсінікті тілмен айтқанда, халықтың жағдайын жақсарту үшін қомақты қаражат шығындады. Алайда бұл нақты нәтиже бермеді. Салдарынан халық үкіметке «ыңғайсыз сұрақ» қойып, орындалуы қиын талап қоя бастады», – деді экономист.
Оның ойынша, келесі үкіметке қазіргіден қатаң талап қойылады.
«Мәселені шешу үшін келесі үкіметке ішкі, сыртқы инвесторлармен жұмыс істеуге басымдық беру қажет. Жерге, суға, электр қуатына қатысты мәселелерді ушықтырмай шешу керек. Ауылшаруашылығы саласын дамытуға басымдық берілуге тиіс. Келесі үкімет 2-3 жылға арналған емес, ұзақмерзімді экономикалық бағдарлама әзірлесе дұрыс болады», – деді Расул Рысмамбетов
Сарапшы келесі премьер кім болатынын білмейтінін ашып айтты.
«Келесі үкімет басшысы кім болатынын білмеймін. Мұрат Нұртілеу, Серік Жұманғарин, Қанат Бозымбаев болуы ықтимал деп ойлаймын. Мүмкін Әлихан Смайловтың кандидатурасын қалдырып, оған қатемен жұмыс істеуге мүмкіндік берілетін шығар. Үкіметке кім келсе де, бізге қазіргіден белсенді үкімет қажет», – деп қорытты ойын экономист.
Қоғам қайраткері, саясаттанушы Денис Кривошеев кесімді пікір білдірді.
«Әлихан Смайлов басқарған Үкімет ешқандай ісімен есте қалған жоқ. Жауапкершіліктен жалтарумен, экономика, көлік, энергетика, мұнай салаларындағы біліксіздігімен, сыртқы саудадағы түсініксіз әрекетімен ғана ерекшеленді», – деді ол.
Саясаттанушының сөзінше, жаңа үкiметке президент осыған дейінгі үкіметке жүктеген міндетті қайта жүктейді.
«Есеп беретін үкімет» деген ұғым өзектілігін жоғалтты. Статистика жалған сөйлейтін болды. Бұған жол беруге болмайды», – деді Денис Кривошеев.
Айта кетейік, сарапшы үшінші сұраққа жауап бермеді.
Саясаттанушы Досым Сатпаев үкімет отставкаға кеткен сайын журналистер: «келесі премьер кім болады?», – деп сұрайтынын алға тартып:
«Маған осы сұрақ 90-шы жылдардан бастап қойылып келеді. Білесіз бе, бізде үкімет басшысы лауазымына қандай кандидатураның тағайындалатыны маңызды емес, өйткені 2000-шы жылдардан бері бұл орынға «компромисті фигура» келеді. Оның іскерлігіне ешкім назар аудармайды. Әлихан Смайлов сондай тұлға болды. Ол өзін «кризис менеджер» ретінде көрсете алмады. Қаңтар оқиғасынан кейін ғана сәл бедел жинағандай болды. Қазіргідей геосаяси жағдайда бізге мұндай премьер жарамайды», – деді.
Оның сөзінше, үкімет мүшелерінде бірлік жоқ. Себебі тағайындалғандардың әрқайсысының мүддесі мен мұраты әртүрлі. Өйткені олар түрлі топтардың өкілдері.
«Олар ерік-жігерлерін өздері қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыруға емес, әлденеге ықпал етуге, қандай да бір ресурсқа ие болуға жұмсайды. Отставкаға кеткен үкіметте де осындай жағдай болды. Бұл жолы үкімет құрамы анау айтқандай жаңармайды. Оған бірқатар министрлердің қызметке кіріскендеріне көп уақыт өтпегені себеп болады», – деді Досым Сатпаев.
Cаясаттанушы премьер-министр отставкаға биыл емес, былтыр кетуі керек болғанын алға тартты.
«2022 жылы Әлихан Смайылов инфляцияны тұрақтандыра алмағаны және экономикалық бағдарламаларды тиісінше жүзеге асыра алмағаны үшін президенттен ескерту алды. Ол басқарып отырған үкімет сол кезде отставкаға кетуі керек еді», – деді Досым Сатпаев.
Экс-премьер не деді?
Орынтағын босатқан бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайлов президент пен Қазақстан халқына алғыс білдірді.
«Құрметті қазақстандықтар! Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуін қабылдады. Ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін.
Өткен екі жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді, – деді экс-премьер-министр.
Бұдан кейін ол өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1%-ті құрағанын, инфляция 2 есеге төмендегенін мәлімдеді.
«Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі екі жыл қатарынан соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Оның жылдық көлемі 26-28 млрд долларды құрады. Ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Рейтингтік агенттіктер ұлттық экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады», – деді Әлихан Смайлов.
Естеріңізге салайық, Әлихан Смайылов басқарған үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілді. Жасыратыны жоқ, бұл үкіметтің мақталғанынан, датталғаны көп болды. Обалы не керек, Қазақстанның бұған дейінгі үкіметтері де сыннан көз ашпаған болатын.
Біз экс-премьер-министр «кризис менеджер» болды, бола алмады деп баға беруден аулақпыз. Ал министрлер кабинетін 2 жылдан астам уақыт басқарған қызметіне шолу жасасақ, төмендегіні тізбектей аламыз.
Әлихан Смайылов Қаржы министрі лауазымынан премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалғаннан кейін 3 жыл еңбек етті. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін Асқар Мамин жетекшілік еткен министрлер кабинеті отставкаға кетті. Осының ізінше, 2022 жылғы жылғы 11 қаңтарда Әлихан Смайылов Үкімет басшысының орынтағына жайғасты. Ол премьер-министр лауазымында сұйытылған газ бағасына жарты жыл мемлекеттік реттеу енгізді. Екібастұздағы, Ридердегі жылу электр станцияларының проблемаларымен бетпе-бет келді. «Арселор Миттал» компаниясының шахталарындағы апаттың алдын ала алмады. Президент араласқаннан кейін ғана АМТ-ның мемлекет меншігіне өтуіне қол жеткізді. Қайғылы жағдаймен аяқталған Абай облысындағы алапат өрт те Смайыловтың тұсында болды.
Бүгін, 2024 жылғы 5 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің отставкасын қабылдады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 70-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын!», – деп жазылды Ақорданың хабарламасында.