«ҚазМұнайГаз» компаниясының өткен жылғы табысы 8,3 трлн теңгеден асты
«ҚазМұнайГаз» АҚ 2023 жылғы қызметін қорытындылап, арнайы жиын өткізді.
Іс-шара барысында ҚМГ-ның өткен жылғы өндірістік және қаржылық нәтижелері қаралды. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша алдын ала мәліметтерге сүйенсек, 23,5 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді.
Мұнай тасымалдау көлемі 80,3 млн тоннаны құрады, МӨЗ-де 18,5 млн тонна мұнай өңделді. Компанияның өткен жылғы табысы 8,3 триллион теңгеден асты.
«Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарын қалпына келтіру бойынша, озық технологиялар мен құрал-жабдықтарды қолдануға басымдық беретін жоба қолға алынды. «Рожковское», «Шығыс Өріктау» және «Оңтүстік Ақсай» газ кен орындарында өндіріс басталды», – деп хабарлады компания басшылығы.
- 2023 жылы үш инвестициялық жоба іске асырылды. Олар:
- «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырын қайта жаңарту және кеңейту;
- «Қашаған» кешенді газ тазарту қондырғысында су құбырының құрылысы;
- Дедвейті 8 мың тонна екі мұнай танкерін сатып алу.
Ал Павлодар МӨЗ-де сұйытылған көмірсутек газдарын тазарту қондырғысын салу, 5-ші газды кері айдау компрессорын орнату жобасы («ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС), Румынияда ЖЭО құрылысын («KMG International» ЖШС) 2024 жылы аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар отырыста ҚМГ тиімділігін арттыру және дамыту бойынша алдағы жоспарлар талқыланды.
Еске сала кетсек, былтыр қараша айында Қара теңіздегі дауыл қазақ мұнайына кері әсер етіп, «Қарашығанақ» кен орнындағы мұнай өндірісі күрт қысқарды. «ҚазМұнайГаздың» компаниялар тобы 2023 жылдың 9 айында 17,5 млн тонна мұнай мен конденсат өндірген. «ҚазМұнайГаздың» еншілес ұйымына бензин мен дизель саудасын негізсіз шектегені үшін 542,9 млн теңге айыппұл салынды.
Еске сала кетсек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында Басқарма төрағасының орынбасары ауысты.