Жаңалықтар

Инвесторларға берілетін жер арзандайды: СІМ-нің арнайы бұйрығы шықты

жер учаскелерін беру
Жер учаскелерін беру қағидалары өзгереді / Фото: shutterstock

Мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін жобаны инвестициялық деп айқындау қағидалары өзгереді. Оған сәйкес инвесторларға берілетін жер екі есе арзандайды. «Ашық НҚА» порталына Сыртқы істер министрлігінің бұйрығы орналастырылды.

Қолданыстағы құжатқа сәйкес өтініш берушінің жобаға жүзеге асыруын көздейтін инвестициялар сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтініш берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион еселенген мөлшерін құрайды. Ал енгізілетін өзгерістерге сәйкес инвестициялау үшін жоспарланған қаражат 150 мыңАЕК-тен басталады және 1 миллионнан АЕК-тен аспауы керек.

«Өтініш берушінің жобаға инвестициялау үшін жоспарлаған қаражатының сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтініш берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде жүз елу мың еселенген, бірақ миллионнан аспайтын мөлшерін құрайды»,– делінген құжатта.

Сұралып отырған жер учаскесі кадастрлық құнының ең жоғары мөлшері өтініш берушінің жобаны жүзеге асыруда көзделетін инвестициялар көлемінің 20 пайызынан аспауы керек. Сұралып отырған жер учаскесіне жылжымайтын мүлікке заңдық талаптар мен құқық ауыртпалықтарының болмауы шарт. Сондай-ақ жер учаскесінің санаты жобаның бизнес-жоспарында көрсетілген нысаналы мақсатына сәйкес болуы керек.

Қолданыстағы нұсқада «сұралып отырған жер учаскесі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 26-бабына сәйкес мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі болып табылмайды» деген тармақша болған. Ал жаңа нұсқада бұл тармақ:

«Берілетін жер учаскесі мемлекеттік меншікте болады және оны беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және өңірді дамыту жоспарына сәйкес келеді», – деп өзгерген.

Өңірлік үйлестіру кеңесі өтініш және оған қоса берілген құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ұсынылған материалдарды қарайды. Сосын әкімдікке жер учаскесін беруді келісу не келісуден бас тарту туралы қорытындыны жолдайды. Әкімдік мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін жобаны инвестициялық деп айқындау туралы шешім қабылданған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде осы шешімнің әкімдіктің ресми сайтында жариялануын қамтамасыз етуге тиіс.

Министрліктің хабарлауынша мұндай өзгерістер ел өңірлерінің бизнес ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жер учаскелерін тепе-тең негізде беру арқылы шағын бизнестің өсуін жандандыруға ықпал етеді.