Жетісу облысының есепшісі 34 млн теңге жымқырған – прокуратура

Жарияланды
жымқырылған
Кербұлақ ауданында 34 млн теңге, Сарқан ауданында 29 млн теңге жымқырылған / Фото: kursiv.media

Жетісу облысының екі ауданында 63 млн теңге жымқырылған. Бұл жайлы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.

Бірінші жағдай – Жетісу облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімінде тіркелген. Онда есепші мұғалімдерге  жалақы мен демалыс ақысын заңсыз жоғарылатып көрсетіп, өз мүддесіне пайдаланған. Сондай-ақ бұл ұйымда мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға бюджет қаражатынан 34 миллион теңге төлеген деп күдіктеледі.

Кербұлақ ауданының есепшісі жоқ адамдарға жалақы төлеген болса, Сарқан ауданының әкімдігі, шын мәнінде, орнатылмаған нысандар үшін қаражат төлеген. Яғни әкімдік туристік орындарда санитарлық-гигиеналық тораптар орнату керек болған. Қағаз жүзінде тораптар орнатылғанымен іс жүзінде  29 миллион теңгеден астам қаражат атқарылмаған қызметке төленген.

«Осы фактілер бойынша Жетісу облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы яғни, ерекше ірі көлемдегі жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады»,–делінген баспасөз хабарламасында.

Қылмыстық кодекстің бұл бабында белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетсек, Жетісу облысының қалалық білім басқармасы 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған айтылған болатын. Антикордың хабарлауынша, қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.

Жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижесінде бюджет ақшасын жымқырудың мынандай тәсілдері анықталған:

  1. Қызметкердің жалақысына оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп ақша аударған;
  2. Жалақы мектепте мүлдем жұмыс істемейтін адамдарға аударылған;
  3. Қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлемдерде басқа тұлғаның тегі көрсетілген;
  4. Бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет аударған;
  5. Олар ақшаны «өлі жандарға» – туыстары мен жақындарына аударған.

Ал жазда Ақмола облысының білім беру саласында бухгалтерлері аса ірі мөлшерде ақша ұрлады деген күдікке ілінді. Ақпаратқа сәйкес, Бұланды балабақшасының бухгалтері кәсіпкерлермен ойдан шығарылған мәмілелер жасай отырып, туыстарының шоттарына ақша аударған. Олар осы тәсілмен 83 млн теңге жымқырған.

Сондай-ақ оқыңыз