Жаңалықтар

AirAstana компаниясы IPO алдындағы жағдайын баяндады

AirAstana компаниясы IPO-ға қандай көрсеткіштермен шығады/Фото:shutterstocks

Air Astana компаниясы ақпан айының ортасына жоспарланған өз акцияларын бастапқы жария орналастыру (IPO) алдында компанияның қаржылық және өндірістік жағдайы жайлы мәлімдеді. «Курсив» редакциясында тиісті ақпарат бар.

Әуе тасымалдаушысы 2023 жылдың 9 айының қаржылық көрсеткішін келтірген. Осы уақыт аралығында компанияның жалпы түсімі 900,6 млн доллар болды, бұл рекордтық 20,5%-ға өсуді көрсетеді. Сонымен бірге таза пайда өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18,7%-ға өсіп, 72,4 млн долларды құраған.

Қазіргі уақытта Air Astana – ішкі нарықта 69%, аймақішілік нарықта 40% , Қазақстаннан халықаралық бағыттар бойынша 47% үлеске ие. Бұл Орталық Азия мен Кавказдағы ең ірі авиакомпания болып қалуға зор мүмкіндік береді. Компания құрамына – Air Astana мен FlyArystan бюджетті әуе компаниясы кіреді. FlyArystan-да осы уақытқа дейін заңды тұлға мәртебесі болған жоқ. Ол негізгі компанияның бөлімшесі ретінде жұмыс істеді. Алайда биржаға шығар алдында, яғни жақында еншілес компания болып бөлініп шықты. Соңғы төрт жылда FlyArystan әуе компаниясы елдегі ішкі бағыттардағы нарықтағы үлесін 12%-дан 38%-ға дейін ұлғайтты.

Компанияның ұшақтар паркінде 50 ұшақ бар. IPO кезінде жиналған қаражат есебінен бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 80 ұшаққа жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ компания Нью-Йоркке тікелей ұша алатын әуе кемелерін сатып алмақ. Осылайша 2025 жылы осы бағытта рейстер ашпақшы. Компания ұшақ паркін ұлғайтуда жеңіл маневр жасайтын, жолаушыларды қондыру мен түсіруде тиімді тар фюзеляжды ұшақтардың санын көбейтуге басымдық бермек. Бұл ұшу рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Ақпан айының басында инвесторларға арналған таныстырылым барысында бизнес-жоспарлау және ұшақтық портфолио жөніндегі вице-президент Айгүл Өмірзақова паркті ықшамдау және оны үш типтіден екі типтіге айналдыру жоспары туралы айтқан болатын. Бұл үшін компания бразилиялық Embraer және Boeing 767 ұшақтарынан бас тартпақ. Оларды Airbus A320 және Boeing 787 ұшақтарына айырбастамақшы.

Air Astana басты активтері ішінен екі орталықты ерекше атап көрсетеді. Біріншісі, өзінің ауыр ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуге арналған жеке авиациялық техникалық орталығы. Екіншісі, ұшқыштарды заманауи толық пилотажды жазғы жаттықтырғышта дайындауға мүмкіндік беретін жаттығу орталығы. Сондай-ақ компания Қазақстанның авиациялық нарығының негізгі әлемдік авиациялық орталық — Қытай мен Үндістанға жақын орналасуы есебінен тартымды екенін де атап кеткен. Қазақстан әуе компаниялары Таяу Шығыс, Еуропа, Түркия мен Азияға қонбастан ұша алады.

Компанияның баспасөз хабарламасында қазақстандық авиацияның коронавирус пандемиясынан кейін тез қалыпқа келгені айтылған. Үш жыл ішінде жиынтық түсім 60,6%-ға өскен. 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта жолаушылар ағынының орташа жылдық өсу қарқыны орташа есеппен 6% болды.

Әуе компаниясы өзінің динамикасын әлемдегі пандемия және геосаяси шиеленістермен байланысты қос дағдарыстан кейін қалыпқа келу деп көрсетіп отыр. Жалпы бұл қиындықтарды қалпына келтіре алған әлемдегі әуе тасымалдаушылар арасында алғашқылардың бірі болғандарын атап өткен. Air Astana 2020 жылғы 69,3 млн доллар операциялық шығындардан операциялық пайдаға шыққан. Яғни компанияның 2021 жылғы тапқан пайдасы 102,2 млн доллар, 2022 жылы 148,7 млн доллар болған

Air Astana IPO-сы 14 ақпанда өтеді деп күтілуде. Ол бірден үш платформа – Лондон қор биржасы (LSE), Astana International Exchange – AIX (АХҚО биржасы) және Қазақстан қор биржасында (KASE)өтеді. KASE-де қарапайым акциялар, ал LSE-де депозитарлық қолхаттар, AIX-те екі бағалы қағазда орналастырылады. Инвесторларға $180 млн сомаға қазіргі қолда бар акциялар мен $120 млн шығарылатын жаңа акциялар ұсынылады. Қосымша эмиссиядан түсетін қаржы компанияны дамытуға жұмсалады.

Үш биржада сатылатын акциялардың жалпы саны 141 млн-ға тең. Бұл қазіргі кезде тіркелген бағалы қағаздардың 46%-ы. Air Astana баға диапозонын белгілеген: бір акция 2,1-2,7 доллар. Инвесторлардың өтініштері 8 ақпанға дейін қабылданады. Жергілікті үйлестіруші және бірлескен букраннер – Halyk Finance. Жетекші менеджер – Freedom Finance Global (шетелдік биржаларға және AIX-ке қолжетімділікті қамтамасыз етеді). Ал бірлескен менеджерлер – BCC Invest, Jusan Invest және SkyBridge Invest болады. Өтінімдерді толық немесе ішінара қанағаттандыру эмитент пен «Самұрық-Қазына» қорының қалауы бойынша жүзеге асырылады. Олардың өз қалауы бойынша кез келген өтініштен бас тартуға толық құқығы бар.