Credit Suisse банкін сатып алған UBS Group IV тоқсанда шығынға батты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
UBS
UBS Group IV тоқсанда шығынға батқан. Фото: shutterstock.com

Швейцариялық ірі банк – UBS Group 2 тоқсан қатарынан таза шығын алды. Оған себеп – 2023 жылы Credit Suisse банкімен бірігуге қомақты шығыс шықты.

Банк 2023 жыл қорытындысы бойынша бір акцияға $0,7 дивиденд төлеуге, сондай-ақ акцияларды сатып алуды жалғастыруға ниетті. UBS дағдарысқа ұшыраған Credit Suisse банкін сатып алуға келіскен кезде қайта сатып алу бағдарламасын тоқтатқан еді.

UBS Credit Suisse-пен заңды түрде бірігіп біткен соң, акцияларын қайта сатып алуды (buyback) жалғастырады. Бұл туралы банктің IV тоқсандағы және жылдық қаржы есебінде жазылған.

2023 жылы UBS Credit Suisse-пен бірікпей тұрып өзінің 1,3 миллиард долларлық акцияларын сатып алған. Банк 2024 жылы құны 1 миллиард долларға тең акцияларын сатып алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар дивидендті де біртіндеп арттырмақ. Соңғы бір жылда UBS акциялары шамамен 30%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері баға 3%-ға өсті.

Банктің шығыны қанша?

UBS-тің қазан-желтоқсан айларындағы таза шығыны 279 миллион долларды құраған. Алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінде банк 1,65 миллиард доллар таза пайда тапқан болатын. ІІІ тоқсанда банк 715 миллион доллар таза шығын тіркеген.

UBS-тің тоқсандық кірісі 35% өсіп, 10,86 миллиард долларға жетті. Банктің консенсус болжамы бойынша, ІV тоқсанда $11,04 миллиард кіріс кіріп, $285 миллион таза шығын қалыптасуы керек еді.

Соңғы тоқсанда UBS-тің таза пайыздық кірісі 32%-ға өсіп, 2,1 млрд долларға жетсе, ал таза комиссиялық кіріс 33%-ға өсіп, 5,78 млрд долларды құраған.

Банктің операциялық шығыны негізінен Credit Suisse шығындарын шоғырландыру есебінен 1,9 есе өсіп, 11,47 миллиард долларға жеткен. Интеграция шығындары 1,751 млрд долларды құрады.

Банк Credit Suisse-пен интеграциясының бірінші кезеңін аяқтап, жылына 4 миллиард еуро шығынды үнемдегенін мәлімдеді.

Credit Suisse-ті қашан сатып алды?

2023 жылы наурызда USB швейцариялық реттеушілердің қысымымен Credit Suisse-ті сатып алған еді. Осылайша Credit Suisse банкроттықтан аман қалды.

Сол кезде Швейцарияның Ұлттық банкі UBS және Credit Suisse біріккенін хабарлады: мәміле сомасы $2 млрд-тан асады.

Bloomberg басылымы сатып алушының ұсынысы бастапқыда қабылданбағанын жазады. Credit Suisse бұл соманы азсынған, оның ағымдағы нарықтық бағасы 8 миллиард доллар еді. Бірнеше күндік келіссөздерден кейін қос тарап ымыраға келген: Credit Suisse акционерлері $2 млрд алады. Ал біріккен соң банк өтімділікті сақтау үшін жеңілдік шарттарымен 100 млрд франк несие алады.

Іле-шала АҚШ билігі Credit Suisse пен UBS банктерін ресейлік олигархтарға санкциялардан жалтаруға көмектескен ұйымдардың қатарына қосты.

Сәуірде АҚШ Сенатының бюджет комитеті Credit Suisse нацист клиенттерге қызмет көрсеткенін анықтағанын жариялады. Бұл жайт 2020 жылға дейін жалғасып келген.

Алайда Credit Suisse нацистік есепшоттарға қызмет көрсетіп келгені жайлы ақпаратты жоққа шығарды.

Сондай-ақ оқыңыз