Павлодар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі прокуратураның көмегімен «Ертіс орманы» резерватының басшысын 2 айға қамауға алды. Ол пара алды деген күдікке ілінген.
Резерват басшысы іскерлік орманды кесіпкерлердің заңсыз кесуі мен сатуы үшін олардан пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталған.
«Ағымдағы жылдың 26 қаңтарында тергеу сотының санкциясымен Резерват басшысы 2 ай мерзімге қамауға алынды»,– делінген хабарламада.
Бұған қоса, резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ, мекеме қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған.
Материалдық залал ішінара өтелген. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 5 ақпанда экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев қамауға алынғаны белгілі болған. Министрлік хабарлауынша, ведомствода ішкі аудит жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Антикор хабарламасында.
«Ертіс орманы» өртке оранды
Еске сала кетсек, 2023 жылы шілде айында «Ертіс орманы» резерватында өрт шыққан. Онда жалпы 850 гектар болатын аумақ өртеніп кеткен болатын.
Ал 17 шілде күні жағдайдың ушығуына байланысты Павлодар облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Ерекше қорғалатын резерватта ағаштар заңсыз кесілгені белгілі болған.
«Павлодар облысының полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Ертіс орманы» ерекше қорғалатын аумағынан орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді», – делінген ІІМ хабарламасында.
18 қыркүйекте облыстық прокуратураның үйлестіруімен резерват бойынша ауқымды операция жүргізілген. Полиция қызметкерлері осы мекемеде, Шалдай және Бесқарағай орманшылығында, сондай-ақ бірқатар басшылардың тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық санкцияланған тінту іс-шараларын жүргізген. Тінту кезінде құжаттамадан басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.
«Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжамды мәліметтер бойынша орманды заңсыз кесуге «Ертіс орманы» РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін»,– делінген ақпаратта.