69 депутат қолдап, 7-еуі қалыс қалды: Мәжіліс жаңа премьер Олжас Бектеновтің кандидатурасын бекітті
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысып, депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Мәжілісте 69 депутат Президенттің ұсынысымен келісіп, 7 депутат қалыс қалды.
Алайда президент ұсынған кандидатураны таңдау кезінде Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы шешіммен келісіп, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.
Осыған дейін Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған еді.
Олжас Бектенов 2023 жылы 3 сәуірден бастап, осы уақытқа дейін Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген. Ал, Мәжілістің дауыс беру нәтижесімен бірге Ақорда оның қызметінен босатылғаны және жаңа қызметке тағайындалғаны туралы қаулыны жариялады.
Бектенов еңбек жолын Алматы қаласы Әділет басқармасында бастап, Премьер-министр кеңсесінде қызмет етті. Президент әкімшілігінде, Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігінде лауазымдар атқарды. 2022 жылдың ақпанынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы болған.
5 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеген.
«Жалпы үкіметтің жұмысына жаңа серпін беруі керек деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше мен Премьер-министрі Әлихан Асханұлы Смайыловтың отставкасы өтінішін қабылдадым»,– деді Президент Мәжіліс отырысында.
Әлихан Смайылов басқарған үкіметтің соңғы құрамы 2023 жылы 4 сәуірде бекітілген. Смайылов басқарған үкіметтің жұмысына қатысты сарапшылар пікірін білген едік.
Сарапшылар пікірі
«Үкіметтің бүгінгі отставкасы алдын ала жоспарланған дүние емес. Бұл отставкаға осыған дейін қалыптасқан саяси жағдай тікелей әсер етті деп ойлаймын. Жалпы, отставкаға кеткен үкімет экономика саласындағы міндетін шамасы келгенше орындады. Инфляцияны төмендетті, экономикалық өсімге қол жеткізді. Дегенмен қоғамға жақын болмады. Ашықтығы байқалмады. Саяси жауапкершілікті мойнына ала алмады. Президенттің сенім үдесінен шықпады деуге де болады. Өзі атқаруға тиісті жұмысты Мемлекет басшысына жүктеген кездері де есте қалды», – деп жуап берді алғашқы сауалға Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым.
Оның айтуынша, келесі үкімет осыған дейінгі үкіметтің қателігін қайталамауға тиіс.
Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Экс-премьер министр атқарған қызметіне қаңтар оқиғасынан кейін келді. Әлихан Смайылов басқарған министрлер кабинеті өтпелі үкімет ретінде есте қалды.
«Ә.Смайлов кезінде үкіметтің құрамы жаңарды, өзгерді. Үкімет 2022 жылды күреспен өткізді. Құрылымдық реформа жүргізудің орнына, отставкаға кеткен үкімет оң мағынасындағы экономикалық популизммен айналысты. Түсінікті тілмен айтқанда, халықтың жағдайын жақсарту үшін қомақты қаражат шығындады. Алайда бұл нақты нәтиже бермеді. Салдарынан халық үкіметке «ыңғайсыз сұрақ» қойып, орындалуы қиын талап қоя бастады», – деді экономист.
Экс-премьер не деді?
Бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайлов президент пен Қазақстан халқына алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді, – деді экс-премьер-министр.
Бұдан кейін ол өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1%-ті құрағанын айтты. Инфляция 2 есеге төмендегенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 7 ақпан күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, жиында Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланады. Алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.