Қазақстанда бірнеше өңірде жастардың қылмыстық топтары ұсталды
Полицейлер Шымкент қаласымен, Павлодар, Алматы, Ақмола, Абай және Атырау облыстарында жастардың қылмыстық топтарын ұстады.
Polisia.kz хабарлауынша, мұндай топтар көбінесе жасырын сипаттағы қылмыстарды жасайды, сондықтан жәбірленушілер қаскөйлердің қорқытуының салдарынан немесе тағы да басқа себептермен полицияға жүгінбейді.
«Биыл қаңтар айында басқа да бірқатар өңірде осындай ұстаулар жүргізілді. Мәселен, Шымкентте жедел ақпаратты тексеру барысында университеттердің бірінен үш студентті ұрлау фактісі анықталды. Тексеріс барысында 20 жастағы алты жігіт криминалитет өкілінің ықпалына түсіп, бірнеше бопсалау және өзге де қылмыстар жасағаны анықталды. Бір эпизодта олар үш студентті автокөлікке отырғызып, қаланың сыртына апарған, онда олар күш көрсетіп, мобильдік қосымша арқылы онлайн-несие ресімдеткен және 700 мың теңгені тартып алған. Топтың барлық қатысушысы ұсталды», – делінген хабарламада.
Алматы облысында 23 жасқа дейінгі үш тұрғыннан тұратын топ ұсталған. Олар 2005 жылы туған қызбен келісе отырып, адамдарды алдап пәтерге апарып, жәбірленушілерді күш көрсетеміз деп қорқытып ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынған.
Павлодар облысының Ақсу қаласында бопсалау және алаяқтық қылмыстар жасағаны үшін жастар тобы ұсталған. Олар жәбірленушілерді несие ресімдеуге мәжбүрлеген, кейіннен ақша мен тауарларды иемденген.
Ақмола облысында жастар тобының екі мүшесі бұрын жергілікті тұрғыннан жарты миллион теңге бопсалағаны анықталған. Күдіктілердің бірі 2005 жылы туған және ұқсас қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Екінші күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.
Абай облысында студенттерді қорқыту арқылы ақша бопсалаумен айналысқан семейлік жас тұрғындардан құралған топтың қылмыстық әрекеті анықталған. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті университеттің екінші курс студенті. Ол өткен жылдың тамыз айынан бастап қаскөйлерге 700 мыңнан астам теңге берген. Күдікті қамауға алынған.
Атырауда жастар тобының мүшесіне қатысты жедел ақпаратты тексеру нәтижелері бойынша екі шолақ мылтық және әртүрлі калибрлі 60 патрон тәркіленген. Ол – 2005 жылы туған колледж студенті.
ҰҚК Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстанмен шекарада заңсыз қару сатып, есірткі таратып, өзге де ауыр қылмыс істеген деген күдікпен 72 адам ұстады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізген.