Жұмыс орнындағы жазатайым оқиғалар тергеліп, ақпараттық жүйеге енгізіледі

Жарияланды
Жазатайым оқиғалар тергеліп, ақпараттық жүйеге енгізіледі/ Фото: shutterstock

Жұмыс орнында болған кез келген жазатайым оқиғалар тергеледі. Жұмыс беруші бір тәулік ішінде жергілікті еңбек инспекциясына жазатайым оқиға жайлы толық ақпарат беруге тиіс. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар тіркеу және есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы жоба Ашық НҚА сайтына орналастырылған.

Оған сәйкес, жазатайым оқиға тергеп-тексерілгеннен кейін, жұмыс беруші 3 жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек инспекциясына оқиғаға қатысты акт жолдайды. Құжат «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде есепке алынады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жазатайым оқиғаларды тіркеу мен есепке алуды жүргізу қағидасын бекіту туралы ережеде жазылған.

Бұйрыққа Ееңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қол қойған. Онда «2024 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады», – делінген.

Бұл ережесде жазатайым оқиға анықталған жағдайда жұмыс берушінің толық атауы мен қызмет түрі, заңды мекенжайы, оқиғаның мерзімі, уақыты, болған жері, себебі көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар жапа шегушінің тегінің де жеке мәліметтері мамандығы, лауазымы, жұмыс өтілі нақты жазылуы керек. Бұған қоса куәгерлерден түсініктеме алу мен кінәнің дәрежесін анықтау ісіне ерекше назар аударылған.

«Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру комиссиясының жұмысы аяқталған күннен бастап ауыр және кісі өлімімен аяқталған жазатайым оқиғаларға қатысты мәлімет 5 жұмыс күннен кешіктірілмейтін мерзімде «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ауыр өндірістік жарақатқа жатпайтын еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаға қатысты мәлімет ақпараттық жүйеге жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы акт келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде енгізіледі», – деп түсіндірілген жазатайым оқиғаны тіркеу мен есепке алу ережесінде.

Қазақстан кәсіпорындарында жыл сайын 1500-ден астам жазатайым оқиға тіркеледі. Оның 200-ге жуығы өліммен аяқталады. Дегенмен кейінгі 5 жылда өндірістік жарақат алу көрсеткіші 6,5%-ға төмендеген. Ал өндірісте жұмыс барысында қаза тапқандар қатары 8,4%-ға азайған.

Сондай-ақ оқыңыз