Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Серікұлы Байбазаров Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды.
Нұрлан Байбазаров 1975 жылғы 10 қазанда дүниеге келген.
Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
23 жылдық жұмыс өтілі бар, оның 7 жылы — «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да басшылық лауазымдарда.
1997-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде жұмыс істеді.
2004 жылдан 2011 жылға дейін жобаларға агенттік қызмет көрсету басқармасының бастығы, инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директор болды. Сонымен қатар корпоративтік даму департаментінің директоры қызметін атқарды. Кейін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ корпоративтік хатшысы лауазымына тағайындалды.
2013 жылдан 2016 жылға дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің экономика салаларын дамыту департаментін басқарды.
Бұдан басқа, әр жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз Консалтинг» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмыс істеді.
2016 жылдан бастап 2022 жылғы қарашаға дейін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі және басқарма төрағасы болды.
2022 жылдың қараша айынан 2023 жылдың қазан айына дейін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ төрағасы болды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жалғыз акционерінің 2023 жылғы 05 қазандағы шешімімен холдингтің басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.
2023 жылғы 11 қазанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап Қазақстанның Ұлттық экономика министрі қызметін Әлібек Қуантыров атқарды. Ол 2023 жылдың сәуірінде аталған лауазымға қайта тағайындалды.
Еске сала кетсек, Мәжіліс жаңа премьер Олжас Бектеновтің кандидатурасын бекітті. Президент Мәжілістің жалпы отырысында жаңа экономикалық даму жағдайына бейім болып, кез келген қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін Үкіметтің өзі де толық қайта жандануға дайын болуы тиіс, деді.
«Соның арқасында өзекті мәселелерге жаңа көзқараспен қарап, барлық реформаторлық шешімдер қабылдау мүмкін болмақ. Жалпы Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтың отставкасы туралы өтінішін қабылдадым. Министр Әлихан Асханұлының басшылығымен Үкімет ел экономикасында және әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қарқынды дамуға қажетті маңызды қадамдар жасады», – деді Мемлекет басшысы.