Жаңалықтар

Шымкент әкімдігінің лауазымды тұлғасы жиын үстінде ұсталды

Азат Момынов
Азат Момынов Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарған /Фото: видеороликтен алынды

Шымкент әкімдігінің лауазымды тұлғасы Азат Момынов әкімдіктің аппараттық мәжіліс үстінде ұсталды. Бұл жайлы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің парақшасында жазды.

Шахар басшысының сөзінше, қалалық басқармалардың бірінде басшы лауазымдағы азаматтың іс-әрекеттері күдік тудырғаны анықталған.

«Осыған орай, әкімдіктің бүгінгі аппараттық мәжілісі үстінде аталған азаматты тергеу жұмыстары жүргізілетін уақыт аралығына қамаққа алу мүмкіндігі берілді. Көпшіліктің көз алдында болған бұл жағдай сол жиынға қатысқан әкімдіктің басшылық құрамымен қатар барша қызметкерге ой салар деп білемін. Әр нәрсенің сұрауы барын, бірінші кезекте сұрау салар адам бар екенін әріптестерімнің ұмытпағаны жөн. Мұндайдан арашалап, қорғап қалар ешкім болмайды. Тек қана еңбекті адал атқарып, міндетімізді абыройлы орындап, ел алғысына бөленуіміз қажет»,– деді шаһар басшысы.

Әкім жемқорлық салдарынан мемлекет тарапынан бастау алған көптеген жобаның халыққа пайдасы тимей келгенін айтты. Сондықтан мемлекеттік қызметші өз қызметіне адал болуға тиіс екенін атап өтті. Қала басшысы 5 айдан бері бұл мәселені көтеріп келеді екен. Дегенмен, амалы қалмағандықтан осылай жасауға мәжбүр болғанын айтты.

«Мен сіздерге жау емеспін. Егер дұрыс нәтиже көрсетсеңіздер, мен де дұрыс қараймын. Осыған дейін ойлаған боларсыздар, бос әңгіме деп. Бұл бос әңгіме емес. Бұл – менің позициям. Мен бұдан ешқашан қайтпаймын. Қаланы жөндеп, бір жағына шығаруға тырысамыз. Әр мемлекеттік қызметші өз қызметінде, ең алдымен, халықтың игілігін ойлап, соған сүйеніп шешім қабылдауы керек. Сондықтан алғашқы күннен бастап әкімдік және әкімдікке қарасты мекеме қызметкерлеріне осы туралы айтып келе жатырмын. Жіберілген кемшілік пен жасалған қатенің ең өрескелі, еш кешірілмесі – халық аманатына қол сұғу. Мұндай әрекеттерге көз жұмып қарай алмайтынымды бес ай бойы барша әріптестеріме үздіксіз ескертумен келемін. Бұл мәселені құқық қорғау органдарының өкілдерімен де бірнеше мәрте талқылаған болатынбыз»,– деді әкім.

Әкімдік қызметкері не үшін ұсталды?

Дүйсенбі 5 ақпан күні, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы ұсталғанын хабарлады. Ол қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелген.

Агенттік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи және техногендік сипаттағы басқа да төтенше жағдайлар саласында тексерулер жүргізген.

Осындай тексерулердің нәтижесінде Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының м.а күдікке ілінген.

«Лауазымды адам қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен жымқыру бойынша күдікті. Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласының ПД УҰИ-да қамауға алынды»,– делінген хабарламада.

Келтірілген залал сомасы 120 млн теңге. Сонымен бірге агенттік қатарлас қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына рәсімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқаны да тексереді.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде Шымкент қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғасы ұсталған болатын. Ол 700 млн теңгені жымқырды деп күдіктелген. Күдікті өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланған. Ол қала аумағындағы көпқабатты үйлердің 150 ауласын абаттандырудың сметалық құжатында жұмыстар мен материалдардың бағасын негізсіз қымбат көрсеткен.