Жаңа премьер-министрге күмәнмен қараймыз – Мәжілістегі екі партия фракциясы қалыс қалу себебін түсіндірді

Жарияланды
Олжас Бектеновтың кандидатурасын
Олжас Бектеновтің кандидатурасын екі партия қолдаған жоқ / Фото: kursiv.media

Бүгін дүйсенбіде Мәжіліс депутаттары Президенттің ұсынысымен жаңа үкімет басшысын сайлады. Жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын 69 депутат қолдап жетеуі қалыс қалды. Қалыс қалғандар қатарында ЖСДП мен «Халық» партиясы депутаттарының фракциясы бар.

ЖСДП фракциясы жалпы Бектеновтің кандидатурасына қарсы емесін жеткізді. Олар сыбайлас жемқорлықпен, бюракратиямен күресте жаңа адамның келіп жұмыс істеуіне жалпы оң көзқараста екенін мәлімдеді.

«ЖСДП фракциясы, бір жағынан, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен және шектен тыс бюрократизммен күресті күшейтуге қатысты қалыптасып келе жатқан бейтараптықты түсінеді. Президенттік және парламенттік сайлау кезінде біздің ұстанымымыздың бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болды. Сондай-ақ жақында қабылданған, өте маңызды, заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заңды ескере отырып, біз бұл тұрғыда Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдауға дайынбыз»,–деді депутаттар.

Алайда фракция депутаттар Олжас Бектеновтің елдегі проблемаларды шеше алатынына сенбейтінін жеткізді. Айтуларынша, Қазақстанда әлі де шешілмеген көптеген проблемалық және резонанс тудыратын мәселелер бар.

«Жылу-энергетика саласындағы проблемаға қараңыз. ЖІӨ өсімінің оң көрсеткіштері мен инфляцияның төмендеуіне қарамастан, халықтың көпшілігі мұны сезіп жатқан жоқ. Халықтың әлсіз топтарын баспанамен қамту, оларды қарыздан шығару, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу оңай болмай отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанға мәселелерді шешуге жаңаша көзқарас қажет. Өкіншіке қарай, бұрынғы үкімет серпінді экономиканың іргетасын қалай алмады. Сондықтан біздің премьер-министрлікке ұсынылған жаңа кандидатқа қатысты белгілі бір күмәніміз бар. Барлығын уақыт көрсетеді, артын бағайық. Бірақ ЖСДП фракциясы дауыс беруден қалыс қалады»,– деп мәлімдеді ЖСДП депутаттары.

Олжас Бектеновтің кандидатурасына «Халық» партиясы да сенбейді

Бектенов кандидатурасын құп көрмегендер арасында «Халық» партиясының депутаттары да бар. Депутат Магеррам Магеррамов та жаңа премьер-министрдің өзіне артылған жүкті көтере алатынына күмәнмен қарайтынын жеткізді.

«Қазақстан Халық партиясы фракциясының шешімі – жаңа Премьер-Министрдің шешуші әрекеттер жасап, біздің күмәнімізді сейілтпейінше, дауыс беруден бас тартамыз. Біздің ұстанымымыз – осы. Жалпы біз осы арқылы үкіметке белгі беріп жатырмыз. Өйткені жаңа формаларды ескі құраммен толтыра беруді қою керек»,– деді.

Ол сонымен бірге бұрынғы үкіметке реформа жүргізіп, жаңа экономикалық тетіктерді іске қосады деп үміт артқанын, бірақ уақыт көрсеткендей, үкіметтің тек экономикалық өзгерістерді ішінара жақсарту әрекеттерімен шектелгенін айтты. Магеррамов президентке бұл тәсілдің өзі жариялаған экономиканы реформалау жөніндегі ұстанымына қарсы келетінін айтты.

«Бұл тәсіл сіз жариялаған экономикалық реформаның мәніне түбегейлі қайшы келеді. Жаңа премьер-министрдің экономикалық реформа жүргізуде батылырақ қимылдайтынына сенгіміз келеді. Бұл ретте жаңа үкімет басшысы жаңа экономикалық модельді іске асыру тетіктері тек экономикалық саладағы қайта құрулармен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар белсенді әлеуметтік саясатты да көздейтінін түсінгенін қалаймын»,деп мәлімдеді депутат.

Депутат президентке айтқан бұл пікірін кулуарда журналистерге де қайталап айтты. Ол бұрынғы үкіметке түбегейлі экономикалық реформалар жүргізе алады деп сенгенін, өкінішке орай, ескі құрамның әрекеті сәтсіз болғанын айтты.

«Біз бұл туралы үнемі айтып келмезі. Бұрынғы үкіметтің әрекеттеріне қатысты пікірімізді бүгін де білдірдік. Жаңа премьер-министрге олардың жолымен жүрмеуге кеңес бердік. Сондықтан жаңа премьер-министрдің жұмысының жемісін көрмейінше, біздің ұстанымымыз осы болды. Қалыс қалуды жөні көрдік», – деді Магеррамов.

Ал Республика партиясының депутаты Асхат Рахымжанов Үкімет басшысының орнына экономиканың терең түсінетін, осы салада өз қызметімен көзге түскен адам келуі керек деп санайтынын жеткізді.

«Жаңа кандидатураға қарсы болған жоқпыз, бірақ дауыс беруден қалыс қалдық. Бұл қызметте экономиканы тереңірек түсінетін, білетін әрі осыған дейін өзін осы салада дәлелдеген адамды көргіміз келеді. Мысалы, халық аузында жүрген, экономиканы жетік білетін Қанат Бозымбаев сынды азамат келсе жарасар еді. Болмаса стилі өте күшті адам – Серік Жұманғарин сынды адам болуы керек шығар»,– деді.

Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдап, үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеді.

Ал бүгін Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Ал Мәжілістің пленарлық отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы бұл ұсынысты қабыл алған болса, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.

Сондай-ақ оқыңыз