30 мыңға жуық адам апатты үйлерде тұрады: мемлекет бұл мәселені қалай шешеді?

Жарияланды
Еліміздегі ескі үйлердің үлесі 58%-ды құрайды, онда 2 мыңға жуық адам тұрады / Фото-коллаж: kursiv.media

Қазақстандағы тұрғын үйлердің 60%-ға жуығы 1991 жылға дейін салынған. Әсіресе, ескі үйлердің үлесі ірі қалаларда көп. Бұл жайлы «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» Президент жарлығының жобасында жазылған. Сонымен бұл мәселені шешу жоспары да ұсынылған.

Жобада ірі қалалардың тез өсіп, 2023 жылы урбанизация деңгейі 62%-ға жеткендігі жазылған.

«2000-2010 жылдар аралығында Қазақстанда қала халқының үлесінің салыстырмалы түрде төмен өсу қарқыны байқалды. Алайда соңғы жылдары урбанизацияның қарқынды өсуі байқалды, 2023 жылға қарай 62% жетті. Бұл ретте мұндай өсу республикалық маңызы бар қалалардың (МБҚ) бақылаусыз өсуімен және басқа қалалардың өсуіндегі теңгерімсіздіктермен қатар жүрді»,– делінген құжатта.

Соңғы онжылдықтарда ішкі миграция нәтижесінде ірі қалалардың халқы 5 жылда 21% өсіп, бүгінде 4,7 млн адамға жеткен. Дегенмен мұндай күшті өсу инфрақұрылымның тозуымен және оған жүктеменің жоғарылауымен, сондай-ақ экологиялық проблемалардың күшеюімен қатар жүреді.

Сондай проблемалардың ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бар. Орташа есеппен алғанда қаланың бір тұрғынына 25,8 шаршы метр тұрғын үйден келеді екен. Бұл БҰҰ ұсынған 30 шаршы метрлік стандарттан төмен.

«Ірі қалаларда тұрғын үйге қол жетімділік мәселесі бар. Пайдалану мерзімі 30 жылдан асатын үйлердің үлесі жоғары. Мәселен, ел бойынша үйлердің 58%-ы 1991 жылға дейін салынған, ал облыс орталықтарында оның үлесі 53%-ды құрайды. Елдегі тұрғын үйдің тағы бір маңызды проблемасы 2 мыңға жуық апатты үйдің болуы (жалпы ауданы 541 мың шаршы метр), онда 30 мыңға жуық адам тұрады»,– делінген құжатта.

Бұл мәселе қалай шешіледі?

Жобада көрсетілгендей, 2029 жылға қарай Қазақстандағы қала халқының үлесі кемінде 65%-ды құрайды. Бұл ретте қалаларды (әсіресе облыс орталықтарын) дамыту оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстардың урбандалу деңгейінің ұлғаюына әкеледі. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай қалалардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 96%-ды құрайды. Осы орайда мемлекет бұл мәселені жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қолдау, жалдамалы тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту арқылы шешпек. Осылайша мемлекет халықты жеке жалға берушілердің «көлеңкесінен шығаруды» көздейді. Қалалардың тұрғын үй және коммуналдық инфрақұрылымының көші-қон ағынына дайындығы қамтамасыз етіледі.

«Азаматтардың өмірі үшін жан-жақты қолдау мен қолайлы жағдайлар жасау мақсатында тұрғын үй құрылысының моделіне қажетті инфрақұрылыммен, мектептермен, балабақшалармен, медициналық пунктермен және коммерциялық объектілермен бір мезгілде толыққанды шағын аудандармен толық көшу, кейіннен аумақтарды кешенді салудың міндетті стандарттарын пайдалану және енгізу қамтамасыз етіледі. Заңнамалық деңгейде тұрғын үйді жаңарту тетіктері, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы бекітілетін болады», – делінген құжатта.

Сондай-ақ еліміздің әрбір өңірінде ескі тұрғын үйді қайта жаңартудың өңірлік бағдарламалары іске қосылады. Қайта жаңарту бағдарламаларында үлестік құрылыс тетігін қолдану мүмкіндіктері пысықталады. Оған сәйкес ескі тұрғын үй иелері салынып жатқан тұрғын үй объектісінің үлескерлері болып танылады.

Ұлттық Банктің «7-20-25» бағдарламасын іске асыру 2029 жылға дейін жалғасады. Бұл ретте бағдарламаның жыл сайынғы бюджеті 100 млрд теңгемен шектеледі. Ондағы мақсат экономикаға проинфляциялық қысымды төмендету. Сонымен қатар ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру .

Еске сала кетсек, «Курсив» 7-20-25 бағдарламасымен үй алу тәртібін жазды. «Қазақстанның орнықтылық қоры» Сыртқы коммуникация қызметінің менеджері Айбар Олжаев мемлекеттің бұл бағдарламаға жыл сайын 100 миллиард теңге бөлетінін айтқан болатын. «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға ниетті азаматтар Банк РБК, Евразиялық банк, Fortebank, Халық Банкі, Центр Кредит банкі, Altyn Bank, Фридом Финанс Қазақстан банкіне жүгіне алады. Аталған банктердің барлығы осы бағдарлама аясында ипотекалық кредит береді.

Сондай-ақ оқыңыз