«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» 23 гектар жерде өнеркәсіптік қалдықтарға арналған полигон салады
Қарашығанақ газ конденсаты кен орнының операторы «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қатты өнеркәсіптік қалдықтарға арналған жаңа полигон салады. Бұл жайлы «Курсивке» берген компания жауабында айтылған.
Компанияның хабарлауынша жоспарланған іс-шаралар негізінде қатты өнеркәсіптік қалдықтар полигонының құрылысы салынып, оған қосымша 16 ұяшық, кіреберіс жолдар, қоршаулар, жаңбыр суы жүйесі мен булану тоғандары орнатылады.
Қарашығанақ газ конденсаты кен орны Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 шақырым жерде орналасқан. Компания полигон салуда инфрақұрылымдық және технологиялық процестердің оңтайлығы үшін ыңғайлы орын таңдауға мән берген. Бұл өз кезегінде қолданыстағы полигонды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан да полигон Ақсай қаласынан 18,4 км жерде орналасқан. Ал ең жақын ауыл – Приуральное ауылы 15,1 км қашықтықта орналасқан.
Жоспарға сәйкес, жаңа полигонның жалпы ауданы 23,21 га, сыйымдылығы 96 мың текше метр болмақ. Қоқыс сақтайтын 16 камераның өзі 6,46 гектар жерді алып жатады. Әр ұяшыққа 6 мың текше метр қалдық сыяды. Бұл полигон 2026 жылдан бастап 2033 жылға дейін пайдаланылмақ.
Жаңа полигон жұмысы қалай ұйымдастырылады
Компания мұнай өнімдері концентрациясы 1%-дан асатын қалдықтарды полигонға жібермес бұрын термиялық өңдеуден өткізеді. Бұл қалдықтар қорғаныс қабатымен жабылады. Ол қабаттың қалыңдығы қалдықтармен бірге биіктігі 5,4 метрді құрайды. Қалдықтарды ұяшықтарға құйып, нығыздағаннан кейін, олар екі метрлік оқшаулағыш қорғаныс қабатымен герметикалық жолмен тығыздалады. Ұяшықтарды салу, толтыру және жабу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоспар бойынша алғашқы төрт ұяшық пен қосалқы нысандар 2026 жылы ашылады. Ал ең соңынан қолданылатын төрт ұяшық 2031 жылы ашылады.
Бұл қалдықтардың соңғы орны болмақ. Яғни бұдан кейін қалдықтар өңделмейді және қайта кәдеге жарамайды. Бұл мұнай қалдықтарының соңғы орны болмақ. Компания 2037 жылы жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтатқаннан кейін, полигонның қосалқы нысандарын жоюы керек. Полигон қоршауларын, жарықтандыру жүйесін, кірме жолдарды, қойма тоғандарын және булану тоғанын жояды.
1979 жылы ашылған Қарашығанақ кен орны – әлемдегі ең ірі газ конденсатты кен орындарының бірі. Өнімді игеру туралы келісім оны 2038 жылға дейін пайдалануды көздейді. Келісімге қол қойылғаннан бері жобаға 29,8 миллиард доллардан астам инвестиция құйылған. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» келесі компаниялар үлесі бар: Eni S.p.A. – 29,25%, Shell Plc – 29,25%, Chevron – 18%, ЛУКОЙЛ – 13,5% және ҚазМұнайГаз – 10%.