Банкаралық нарықта қазақстандық банктер рубль сатып алу көлемін азайтқан
Қазақстанның биржадан тыс, банкаралық нарығында рубльді сату көлемі өскен. Қаңтарда банкаралық нарықта рубльді сатып алу операцияларының көлемі 10,5 млрд құрады. Бұл 2023 жылдың қаңтарындағы 6,2 млрд рубльмен салыстырғанда, 1,5 есе көп. Бұл туралы Ұлттық банктің есебінде жазылған.
Соның ішінде шетелдік банктермен жасалған операциялар көлемі 8,9 млрд рубль жеткен. 2023 жылдың қаңтарындағы 2,3 млрд рубльмен салыстырғанда, биыл қаңтарда бейрезидент банктердің рубльдегі операцияларының көлемі 3,8 есе өскен.
Ресей валютасын сату көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда екі еседей азайған. 2023 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 4 млрд болса, биыл жыл басында 2,2 млрд рубльді құраған.
Шетелдік банктердің жергілікті банктерге рубль сату көрсеткіші 2,5 есе төмендеді. Қазақстандық банктердің рубльмен жасаған банкаралық операциялары 2023 жылдың бірінші айында 3,9 млрд теңгені құраса, биыл қаңтарда 1,6 млрд теңге болған. Бұл сандардан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен біршама азайғанын байқауға болады.
Есесіне қазақстандық банктер шетелдіктерге рубльді көбірек сата бастады. Бір жыл бұрынғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12,3 есе, яғни 53,3 миллионнан 656 миллион теңгеге дейін жетті.
Сонымен қатар 2024 жылғы қаңтарда долларды сатып алу бойынша банкаралық операциялардың көлемі 8,2 млрд теңгені құрады.
Еуро сатып алу бойынша транзакциялардың көлемі бір жарым есе – 51,7 млн теңгеден 73,8 млн теңгеге, сату бойынша – 2,6 есе: 42,4 млн теңгеден 110,8 млн теңгеге дейін өсті.
Қазақстанда рубльге деген сұраныс қандай?
Алайда 2023 жылы қазақстандықтардың рубльге деген сұранысы төмендеген.
Былтыр қыркүйекте халық Ресей рублін жаппай сатып жатты. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 2,7 млрд теңгеге теңге еді. Қазан айында сол үрдіс жалғасып, айырбастау пунктерінде рубльді нетто-сатып алу көлемі 6,13 млрд теңгені құраған.
Қарашада халық қолда бар рублін айырбастауды жалғастырды. Бұл айда 3,1 млрд теңгеге ресей рублі айырбасталған.
Желтоқсан айында Қазақстандағы ақша айырбастау пунктер 5,8 млрд теңгеге рубль сатқан. Яғни халықтың рубльге деген сұранысы сәл артқанымен, жылдық мәнде ел тұрғындары қолындағы рубльді сатып отырған.