KASE рупия және дирхаммен сауда-саттық ұйымдастыру мүмкіндігін зерделеп жатыр
Қазақстан қор биржасы екі шетел валютасы: дирхам(БАӘ) және рупиямен (Үндістан) тұрақты сауда-саттық ұйымдастыруға банктердің сұранысын зерттеп жатыр. Бұл туралы KASE-нің эмитенттер және инвесторлармен жұмыс департаментінің директоры Дәурен Тасмағамбетов хабарлады.
«Қазір дирхамға сұранысты бағалау үшін бүкіл банктермен байланысып жатырмыз. Кейбіреулерінде сұраныс болса, кейбірінде жоқ. Бұл контрагенттерге байланысты. Бізде әлі жүз пайыз «иә, дайынбыз» деген жоқ. Бүкіл нарық немесе нарықтың 80 пайызы «контрагенттеріміз бар, біз сауда жасауға дайынбыз» деген кезде ғана іске қосамыз», – деді ол Курсивке.
Үндістан валютасы – рупия да Қазақстан қор биржасында саудалана бастауы мүмкін.
«Үнді рупиясыан қатысты жайт өзгеше. Өйткені ол айырбасталмайды. Бұл валюта тек Үндістанда жұмыс істейді. Сондықтан рупиямен сауда жасауға қатысты шешімді жан-жақты сараланып барып қабылдау қажет. Нарықтағы валюта жұбымен сауда-саттық бастау – бұл биржа тарапынан белгілі бір инвестиция салуды, жүйелеу, бүкіл есептеулер мен бизнес-процестерді аяқтауды қажет етеді», – деді Тасмағамбетов.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ мен оның 100% еншілес ұйымы – «KASE клиринг орталығы» Астана қаласында KASE Day in Astana» кездесуін өткізген.
«KASE day in Astana» барысында Қазақстан қор биржасының өкілдері 2023 жылғы KASE қызметінің қорытындысын жариялады.
Сондай-ақ 2024 жылға арналған KASE Даму Стратегиясының негізгі бағыттары және ESG қаржыландыруды дамыту айтылды. KASE Digital алаңында токенизацияланған активтерді іске қосу және сату жоспарлары, Market Data бағытын, KASE ақпараттық және талдамалық өнімдерін дамыту, KASE Global секторын дамыту туралы ақпарат берілді.
2023 жылы KASE-де жиынтық сауда-саттық көлемі 410,7 трлн теңгені құраған. 2022 жылмен салыстырғанда сауда 57,0 % немесе 149,1 трлн теңгеге өскен.
Акциялар нарығының капиталдандырылуы бір жылда 26,4 %-ға өсіп, 26,7 трлн теңгеге жетіпті.
2023 жылы акциялар сауда-саттығы көлемі 2022 жылға қарағанда 8,5 %-ға немесе 26,3 млрд теңгеге өсіп, 333,6 млрд теңгені құраған. KASE индексінің мәні 28,8 %-ға 4 187,4 тармаққа дейін жеткен.
Қазіргі кезде KASE сауда-саттық тізімдерінде 237 эмитенттің 656 мемлекеттік емес бағалы қағазы бар.
KASE индексі негізі ең бірінші рет 2000 жылы есептелген KASE_Shares-те қалыптасты. Сол уақыттан бері қазақстандық қор нарығының индикаторы 100-ден 4300 тармаққа дейін 40 есе өсті.