Жаңа ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров БЖЗҚ-дан алынған қаржы есебінен «Бәйтерек» холдингі сатып алған вагондардың құнын атады.
Министрдің айтуынша, бір жүк вагонының құны шамамен 30-35 млн теңге. Ал жолаушылар вагонының құны шамамен 700-800 млн теңге.
«Толығымен дайын жолаушылар вагоны. Нарықтағы вагон құны осындай болып тұр. Бұл да азаматтар қолайлығы үшін жасалып отыр. Жаңа вагонда отырып, жүкті де жеткізетін боламыз. Қазір өзіміз вагон алмасақ, оған (тасымалдау нарығында – ред.) басқа елдер келеді»,– деді министр.
Байбазаров зейнетақы қорының қаржысына жасалатын жобалардың алғашқы кезеңі қаржыландырылып өткенін айтты.
«Қаржыны қолданып, вагондар алынып жатыр. Өзге де жобалар белгілі болып қойды. Қазір нақты жобалар туралы айта алмаймын. Бірақ Үкімет негізгі бағыттарды бекітті. Инфраструктура мен қайта өңдеу өндірісі секторындағы жобалар»,– деді Байбазаров.
Министрдің сөзінше, БЖЗҚ қаржысынан есебінен жұмыс істейтін жобалар қатарына энергетика саласы енбеген.
«Нақты жобаларға келетін болсақ, «Бәйтерек» қоры, оның еншілес құрылымдары, ҚДБ, өнеркәсіпті дамыту қоры, олар әрбір жобаны қабылдайды, зерттейді, сараптамадан өткізіп, мақұлданғаннан кейін ғана БЖЗҚ қаражаты үшін Ұлттық банкке жүгінеді»,– деді министр.
«Бәйтерек» холдингінің облигациялары алынды
Ұлттық банк 173 млрд теңге БЖЗҚ қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алған еді. Бас банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынан атап өтті. Холдинг облигацияларын жылдық 13% кірістілік және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен сатып алды.
Бұған дейін «Бәйтерек» вагон сатып алуға биржадан 200 млрд теңге тартатынын жазғанбыз. Halyk Finance брокерлік компаниясы «Бәйтерек» Ұлттық холдингі Қазақстан қор биржасына құны 190 млрд теңге болатын 15 жылдық облигацияларын орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бір купондық облигацияның номиналы – 1000 теңге. Шығарылатын қағаздардың саны – 190 млн дана, өтеуге берілетін мерзім – 15 жыл, тіркелген купондық мөлшерлеме – 13%. Halyk Finance андеррайтер болады. Сыйақы төлеу облигациялар айналымы басталған күннен бастап әр 12 ай сайын, яғни жылына бір рет жүргізіледі.
Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға екінші деңгейлі банктер арқылы құюды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев БЖЗҚ активтерін экономикаға құйғанда нарық талаптарын ескеру қажет екенін айтты. Президент бұл іске квазимемлекеттік құрылымдарды емес, екінші деңгейлі банктерді тартуды ұсынды. Оған қоса, Үкімет зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс.
«Экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керек. Бұл мәселеде салымшылар алдындағы жауапкершілік өте жоғары. Қажет болса, Үкімет бірыңғай зейнетақы салымдары есебінен жүзеге асырылатын жобалардың пайыздық өсімін субсидиялауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жұмысқа квазимемлекеттік құрылымдар сияқты делдалдарды қолдан жасаудың қажеті жоқ. Тоқаев мұндай жағдай бұрын талай рет болғанын еске салды. Ол бұл іске тиісті сараптама жасай алатын және қажетті инфрақұрылымы бар екінші деңгейдегі банктерді белсенді түрде тартуды ұсынды.