Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында дайындалып жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.
Салық кодексіне кері әсер ететін жайттар
Ол бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатынын ескеріп, мемлекет басшысы ретінде әзірленіп жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.
Президент қазіргі таңда Салық кодексі дайындалып жатқанын атап өтіп, құжаттың инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бюджетке көлемді қаржы түсуін қамтамасыз етуі қажет екендігі айтты. Алайда президент қазір дайындалып жатқан кодекс бизнес қауымдастығы арасында салық мөлшерін өсіруді көздейтін құжат ретінде талқыланып жатқанын атап өтті.
«Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін»,– деді президент.
Жаңа Үкімет алдындағы міндеттердің бірі – бюджетті тиімді басқару
Бұдан бөлек, президент соңғы 5 жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткенін атап өтті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін ескертті.
«Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді»,– деді Тоқаев.
Ол бюджетті бөлу мәселесі экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмағанын атап өтті. Қаражатты күнделікті мәселелерді шешуге жұмсап, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалатынын айтты.
Дәл қазір Тоқаев жаңа премьер-министр Олжас Бектеновпен бірге Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып жатыр.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысып, депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған. Мәжілісте 69 депутат Президенттің ұсынысымен келісіп, 7 депутат қалыс қалған.
Алайда президент ұсынған кандидатураны таңдау кезінде Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы шешіммен келісіп, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды.
Осыған дейін Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынған еді.
Олжас Бектенов 2023 жылы 3 сәуірден бастап, осы уақытқа дейін Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарып келген. Ал Мәжілістің дауыс беру нәтижесімен бірге Ақорда оның қызметінен босатылғаны және жаңа қызметке тағайындалғаны туралы қаулыны жариялады.
Бектенов еңбек жолын Алматы қаласы Әділет басқармасында бастап, Премьер-министр кеңсесінде қызмет етті. Президент әкімшілігінде, Әділет министрлігінде, Астана қаласы мен Ақмола облысы әкімдігінде лауазымдар атқарды. 2022 жылдың ақпанынан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы болған.
5 ақпанда Президент Үкімет отставкасын қабылдап, үкіметті басқару функциясын уақытша Роман Склярға жүктеген.