Тоқаев: Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс

Жарияланды
Заңсыз шығарылған автиктерді елге қайтарып, инвестицияға айналдыруды ұсынды, Тоқаев
Президент заңсыз шығарылған активтерді қайтарып, инвестицияға айналдыруды тапсырды / telegram.org/k/#@aqorda_resmi

Қазақстанға ауқымды инвестиция тартуға қатысты Ұлттық инфрақұрылым жоспары сапалы әзірленуге тиіс. Оның айтуынша құжат ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтау деген сөз емес. Ал, оған «бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз», Президенттің пікірінше.

Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс екенін атап өтті.

«Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет екеніне назар аударды.

«Құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс. Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын», – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, басты міндет – кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес. Елде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалыптастыру.

«Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық міндетті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шығаруына жол берілмейді», – деді Қазақстан басшысы.

Президент жаңа инвестициялық кезең басталуға тиіс екенін алға тартып, алда болуы ықтимал сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерге тоқталды.

«Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы негізінен осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәселені шешу үшін ішкі және сыртқы инвестицияның көлемін ұлғайту қажет екенін айтты.

«Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Инфрақұрылым жоспарын қайта қарауды тапсырды.

«Елімізге ауқымды инвестиция тартудың тағы бір маңызды шарты – Ұлттық инфрақұрылым жоспары. Бұл құжат сапалы әзірленуге тиіс. Ойға келгеннің бәрін бір құжатқа жинақтап, сосын бюджеттен қаржы бөлінбеді деп сылтау айту – қолыңнан түк келмейтінін мойындау деген сөз. Негізгі басымдықтарды айқындап, стратегиялық маңызы бар жобаларға жеке инвестиция тарту мәселесін мұқият ойластыру керек. Тек аса қажет болған жағдайда ғана қаржылай қолдау шараларын қарастырған жөн», – деді президент.

Қазақстан басшысы инвесторларға, оның ішінде 50 млн доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсету үшін тиімді мониторинг жүйесін іске қосу бастамасын көтерді.

«Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша үкімет басшылығына немесе қажет болған жағдайда президентке есеп берілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аймақтарда инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтірілетінін мәлімдеді.

«Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек екенін шегелеп жеткізді.

«Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады», – деп түйді ойын президент.

Сондай-ақ оқыңыз