Жаңалықтар

Қазақстанда лотерея автоматтарының жұмысы тоқтатылды

лотерея
Қазақстанда лотерея автоматтарының жұмысы тоқтатылды / коллаж kursiv.media

Қазақстанда электронды лездік лотерея сату дүңгіршектерінің қызметіне шектеу қойылды. Бұған ел азаматтары мен мемлекеттік органдардан келіп түскен арыз-шағым негіз болды.

Ақпаратқа сәйкес, республика аумағында «Lotomatic» терминалдары/киоскілері арқылы электронды лездік лотереяны тарату уақытша тоқтатылды. Ол ереже 2024 жылғы 30 қаңтардан бастап күшіне енген.

«Алайда кейбір жерлерде «Lotomatic» «сары-көк» ресми терминалдарына ұқсас безендірілген жалған аппараттар заңсыз жұмыс істеуі мүмкін. Осыған орай азаматтарды қырағы болуды және заңсыз лотерея терминалдарының қызметін пайдаланбауды, сондай-ақ заңсыз жұмыс істеп тұрған «Lotomatic» киоскілері немесе лотерея терминалдарын байқасаңыз министрліктің Telegram және WhatsApp (+7 707 9071507) чат-ботына хабарлауды сұраймыз. Әрбір өтініш лотерея операторы мен құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып мұқият қаралады. Құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылады», – деп хабарланды Туризм және спорт министрлігінің телеграм-каналында .

Естеріңізге салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып бара жатқанын жариялаған. Бұл туралы ол 2023 жылғы қазанда өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтқан еді.

«Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаман әдетке жастар әуес екенін тілге тиек етіп, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойынға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған.

«Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деген мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыс көбейгенін атап өтіп, құқық қорғау органдарының өкілдеріне заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шарасын қабылдауды тапсырған. Сонымен қатар елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін мәлімдеген.

2028 жылға қарай лотоклубтардың cаны 200-ге дейін қысқарады

2023 жылы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі барлық лотерея терминалына тексеру жүргізуді ұсынып, үкіметке сауал жолдаған болатын. Депутатқа сол кездегі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді. Ол елімізде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң қабылданғанын айтты. Ал, заң қабылдағанға дейін елімізде шамамен 30 мыңға жуық заңсыз ойын аппараты жұмыс істеп тұрды. Лотерея аппараттары дербес жұмыс істеп, ұтыстардың реттелетін деңгейіне ие болған. Кәмелетке толмағандарға қол жетімді болды және олардың иелері салық төлемеген.

«Заңда Қазақстанда лотереяны ұйымдастыруға айрықша құқықтары бар заңды тұлға лотерея операторын құру туралы норма көзделген. Мұндай шешім лотерея қызметін реттеу жөніндегі озық халықаралық тәжірибені мұқият зерделегеннен кейін, сондай-ақ заңды қабылданғанға дейінгі құқық қолдану практикасын ескере отырып қабылданды. 2017 жылғы ақпанда конкурстық негізде үкіметтің шешімімен «Сәтті Жұлдыз» АҚ 15 жыл мерзімге лотерея өткізу құқығымен лотерея операторы болып айқындалды, – деп жауап берді

Ол 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Lotomatic» лотерея терминалдарының саны 25 мыңнан 5 мың бірлікке дейін азайғанын айтқан.

«2032 жылға қарай лотерея терминалдарының санын 1 250 бірлікке дейін қысқарту жоспарланып отыр, – деп нақтылаған экс-Қаржы министрі.

Оның дерегінше, заңға сәйкес лотерея операторы өз табысының 10%-ын тоқсан сайын отандық спортты дамытуға жібереді.

«Бүгінгі таңда спортты дамытуға 11,4 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар лотерея операторы өз пайдасының 10%-ын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жібереді. Қазіргі уақытта аударым сомасы 4 млрд теңгеге жетті», – деген болатын Ерұлан Жамаубаев.

2028 жылға қарай лотоклубтардың жалпы санын 200-ге дейін төмендету жоспарланып отыр. 21 жасқа толмаған азаматтар оператор өткізетін лотереяға қатыса алмайтынын да бұрынғы қаржы министрі мәлімдеген.