Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес – Президент

Жарияланды
Президент ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны 2 есе арттыру қажет екенін айтты/Фото: akorda.kz және shutterstock

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында
ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны 2 есе арттыру қажет екенін мәлімдеді.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, 2 есе арттыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартуды ұсынды.

«Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 трлн теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 млрд теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 млрд теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10%-ы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады. Сондай-ақ минералды тыңайтқыш себуді ғылыми негізі бар қажеттіліктің тым болмағанда жартысына жеткізуге мүмкіндік береді. Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді», – деді президент.

Қазақстан басшысы 3 жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу міндеті орындалмағанын мәлімдеді.

«Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеліп жатқан жоқ. Қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет екенін айтты.

«Себебі іс жүзіне келгенде, біраз түйткіл бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек. Мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидасымен жүзеге асыру қажет, яғни салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жүргізілуі тиіс екеніне екеніне тоқталды.

«Нақты айтқанда, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады. Яғни нақты нәтиже береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сәрсенбі 5-ақпан күні Тоқаев жаңа премьер-министр Олжас Бектеновпен бірге Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Ол бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатынын ескеріп, мемлекет басшысы ретінде әзірленіп жатқан Салық кодексіне көңілі толмайтынын айтты.

Сондай-ақ Президент елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс екенін атап өтті.

«Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жекешелендірілетін меншік тізілімін қайта қарауды тапсырды.

«Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады. Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған», – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі басым. Ол Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз