Дүниежүзілік банк Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін сынға алды
Дүниежүзілік банк Қазақстан мен Өзбекстан тәжірибесі негізінде Орталық Азиядағы жеке тұлғалардың банкроттығы тетіктерін салыстыратын құжат жариялады.
Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен Орталық Азияда бірінші болып тұтынушылардың төлем қабілетсіздігін шешу тетіктерін енгізді.
Алдын ала бағалау бойынша әлемдік қаржы институты Өзбекстанның тәжірибесін оң бағалады. Осылайша көрші ел алдағы уақытта жақсы нәтижелерге қол жеткізуі мүмкін деген болжам да жасалып отыр. Ал Қазақстан бойынша болжам басқаша.
«Қазақстан маңызды қосымша реформаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды арттыруы керек. Олай болмаған жағдайда тұтынушылар шамадан тыс қарыздан құтқара алмауы мүмкін», – деп жазылған Дүниежүзілік банк жариялаған құжатта.
Мәселен, Қазақстанда азамат банкрот деп танылу үшін бірнеше шартты орындауы керек. Талапқа сай келмеген борышкер банкрот атана алмайды. Шарттардың қатарында бір жыл бойы несие бойынша төлем жасамау сынды талап бар. Ал Өзбекстанда үш ай бойы қарызды төлемеу жеткілікті.
«Сонымен қатар кейбір қазақстандықтар банкроттықты сот арқылы рәсімдеуі қажет. Бұл шектеулердің барлығы шамадан тыс көп қарызы бар борышкерлерге кедергі жасайды», – деп жазылған Дүниежүзілік банк жариялаған құжатта.
Өзбекстанда борышкерлер кредиторларға қарызды өтеудің үш жылдық жоспарын ұсына алады. Егер жоспар әлі де келісілмеген болса, қарызды өтеу процедурасы мүлікті сатудан және кірістің 50% -на дейін тыйым салудан басталады.
«Қазақстанда жеке тұлғаларға берілетін несиелер саны күрт артты. 2021 жылы 41 пайызға, 2022 жылы 31 пайызға өсті. Несиенің жылдам артуы қазір тұтынушылық дефолттарының өсуіне әкелді. Тұтынушылық «сапасыз» несиелер (NPL) 2022 жылы 40 пайызға және 2023 жылдың алғашқы сегіз айында 31 пайызға өсті. 20 миллион халқы бар шамамен 1,5 миллион қазақстандық тұтынушылық несиені өтеу мерзімін 90 күн немесе одан да көп кешіктіреді», – деп хабарлады халықаралық қаржы ұйымы.
Сонымен қатар Дүниежүзілік банк Өзбекстан бойынша статистиканы жариялады.
«Өзбекстанда тұтынушылық несиелер тек 2019 жылы 64 пайызға өсті, содан кейін банктер несиелеудің жаңа сегменттеріне назар аударғандықтан 2020 және 2022 жылдар арасында жылдық өсім 37 пайызға жетті. 2023 жылы Өзбекстанның Орталық банкі бұл динамиканы төмендету үшін несие беруге шектеулер енгізді. Дегенмен, Қазақстандағыдай дефолттар саны артты: 2020 жылдан бері «сапасыз» тұтынушылық несиелерінің үлесі үш есеге өсіп, 2021 жылға қарай 6,8 пайызға жетті», – деп хабарлады Банк.
Еске сала кетсек, жалпы қарызы 16,5 млрд теңгеден асатын 9 мың қазақстандық «банкрот» деп танылды деп жазған едік.
2023 жылы банк секторының активтері 15,4% өсіп, 51,4 трлн теңгеге жеткен. Оған негізінен несие портфелінің 23,1%-ға өсуі ықпал еткен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторының жай-күйіне шолуын жариялады.
Былтыр Қазақстандағы ЕДБ-нің өтімділігі жоғары активтері 15,1 трлн теңгені немесе активтердің 29,3%-ын құрады. Бұл өз кезегінде банктерге міндеттемелеріне толық өтеуге мүмкіндік береді.
Қаржы ұйымдарының меншікті капиталы 2023 жылы 31,3% өсіп, 6,9 трлн теңгеге дейін жеткен.
«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,2%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.