«Майқайыңалтын» шахтасында жоғалған адамдарды іздестіруге шетелдік мамандар тартыла ма – Роман Скляр жауап берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Роман Скляр «Майқайыңалтын» шахтасында жоғалған адамдарға қатысты түсінік берді / архив kursiv.media

 «Майқайыңалтын» шахтасында жоғалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарына неге халықаралық мамандар тартыла ма? Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр осы сұраққа жауап берді.

«Халықаралық мамандар тартуға ешқандай қажеттілік болмады. Төтенше жағдайлар министрлігі өз әріптестерін құтқаруға бар күшін салды. Құтқарушылары қайтыс болған ұйым да бар күшін салды, қолдарынан келгеннің барлығын істеді», – деді Роман Скляр.

Тілшілер «оларды табуға тағы қанша уақыт керек?», – деп сұрады.

«Қазір ол белгісіз», – деп қысқа қайырды Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда тереңдігі 200 метр, ені 500 метр бұрынғы шахта орнына құтқарушылар автобусы құлап кеткен. Оның ішінде үш құтқарушы және жүргізуші болды. Екі адамның денесі сол күні автобустан бөлек анықталды. Тағы екі адамның денесі сол күйі табылмаған.

5 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адамның әлі табылмағаны белгілі болды.

«Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін құмнан тапқанын өкінішпен хабарлаймыз. Мәйіттерді жер бетіне шығару жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы.

«Майқайыңалтын» шахтасының аумағында геосканерлеу жүргізілді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram парақшасына жазды.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техника жетті. 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылған.

9 қаңтарда ТЖМ басшылығы «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

3 ақпанда Төтенше жағдайлар министрлігі автобус құлаған жер опырылуы мүмкін, сондықтан іздеуге қатысқан мамандардың өміріне қауіп төндіреді деп хабарлаған

«GRP Ridder grupp» компаниясы автобус құлаған аумақты зерттеу кезінде объектінің орналасқан жерінде құлау ықтималдығы жоғары деген қорытындыға келген.

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылу орнының барлық периметрі бойынша жарықтар пайда болды. Бұл – өте қауіпті»,– делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Бір күннен кейін ведомство іздеу-құтқару жұмысы тоқтатты.

Ал 5 ақпан Төтенше жағдайлар министрлігі «денелері табылмаған адамдарды әрі қарай іздестіру керек пе?» деген мәселені арнаулы комиссия қарайтынын жеткізді.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.

RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Попович Швейцария азаматы. Осы елде Хюненберг қаласында тіркеуде.  

Сондай-ақ оқыңыз