Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер жасалмақ
Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдануға мүмкіндік беретін суперкомпьютер жасалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай бастама көтерді. Сонымен қатар Қазақстанды әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыру қажет екенін айтты.
«Жасанды интеллектінің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер. Алайда, бұл жерде мәселенің екі жағы бар екенін ескеру қажет, бір жағынан, мәліметтер көпке қолжетімді болуы керек, екінші жағынан, қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, мәліметтердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Үкімет 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптастырды. Алайда жасанды интеллектінің озық үлгілерін жасау үшін мұның өзі аздық етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан президеттің айтуынша, мемлекеттік және коммерциялық сектордағы иесі нақтыланбаған деректерді жинақтай берген жөн. Сондай-ақ деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс.
«Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам «ауқымды деректерді» кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін. Соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы айтарлықтай көбейді», – деді Президент.
Соның арқасында министрліктер зерттеу институттарымен бірлесе отырып, жасанды интеллектіні өз саласында қолдануға мүмкіндік беретін жобаларды ұсына алады.
«Әрине, ең алдымен, білікті кадрлар қажет. Үкімет осы сала бойынша озық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тиіс. Бұдан бөлек, шетелдің белгілі мамандарын тарту үшін Digital Nomad Residency арнайы бағдарламасын іске қосу керек. Яғни елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек. Цифрлық технологияны неғұрлым жедел әрі тиімді пайдалансақ, даму қарқынымыз да соғұрлым табысты болмақ», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, Тоқаев жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын айтты. Сонымен қатар Президент Құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды.
«Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын», – деді Президент.
Бұған қоса ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны 2 есе арттыру қажет екенін мәлімдеді.
Президент агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жүргізілуі тиіс екеніне екеніне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет. «Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады. Яғни нақты нәтиже береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс екенін атап өтті.
«Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет екеніне назар аударды. Презиент сондай-ақ, кіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды. Оның айтуынша, жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат жоқ. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі басым.