Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізілуі мүмкін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы еліміздің салық жүйесінде жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылмайтынын айтты. Ол саланың цифрландырылмағанына назар аударды.
«Тағы бір мәселе. Салық жүйесін толық цифрландыру қажет. Бұл сала цифрлық тәсілдерді, әсіресе жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Қысқасы, атқаратын жұмыс – ауқымды»,- деді президент.
Тоқаевтың дерегінше, Мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары іске қосылған 14 ақпараттық жүйе бар. Бірақ олардың көбі кеңінен қолданылмайды екен.
«2021 жылы бұл жүйелердің бәрі халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен 12 жыл бойы жасалған жаңа жүйелермен алмастырылуы керек еді. Бірақ қаражат игерілгеніне қарамастан, еш нәтиже жоқ. Ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді тапсырамын. Жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыру қажет»,- деді президент.
Мемлекет басшысы салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасау қажет. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасатыны айтты. Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық бірі осы болмақ.
Бизнеске қатысты президент уәде етілген межеге жете алмағанын, уәкілетті органдар нәтижелі жұмыс туралы есеп бергенімен, іс жүзінде жағдай түзелмегенін айтты.
«Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалды. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Уәкілетті органдар жұмыстың табысты атқарылғаны туралы есеп берді. Ал бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр»,- деді ол.
Тоқаев орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керектігін тап өтті. Ол көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жататынын, кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмағанын айтты. сонымен бірге бизнеске әкімшілік қысым жасауды тоқтатуды тапсырды.
«Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек»,- деді президент.
Тоқаев жиында жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтынын да айтты. Президент Салық кодексінің инвесторларға қолайлы жағдай жасап, бюджетке көлемді қаржы түсуін қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, президент соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткенін, сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін ескертті.