АШМ басшысы үкіметтегі тағайындаулар туралы: Біз жауынгерміз, қайда жіберсе, сонда барамыз

Жарияланды
Айдарбек Сапаров
Айдарбек Сапаров үкіметтегі ауыс-түйістен соң, өз қызметінде қалды / Фото: Асқар Ахметуллин

Ауал шарушылығы министрі Айдарбек Сапаров үкімет кулуарында президенттің жаңа тапсырмалары мен жаңа премьер-министрдің талаптарын орындауға дайын екенін жеткізді.

«Бүгін кеңейтілген жиыннан кейін президент белгілі бір тапсырма беретін шығар. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да жаңа тәсілдер қабылданып, жаңаша жұмыс істей бастайды. Бұл орайда мен тек өз қызметіме жауаптымын», деді министр.

Журналистер жаңа премьер-министрдің талапшыл екенін айтып, оны орындауға қаншалықты дайын екенін сұрады.

«Әрине, дайынмын. Үкімет мүшесі болғандықтан да, әрқашан премьер-министрді тыңдауымыз керек. Бірге жұмыс жасап, бірге қимылдауымыз керек»,– деді.

Министрлік мансабынан айрылу қаупіне қатысты қорқынышы жоқ екенін айтып, өзін бұйрық орындауға әзір жауынгерге теңеді.

«Менде ондай қорқыныш жоқ. Қандай жағдай болмасын сіз әрқашан жұмыс істеуге сенімді болуыңыз керек. Біз жауынгерміз, қайда жіберсе, сонда барамыз»,– деді.

Еске сала кетсек, 5 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отставкасын қабылдадады. Үкіметті басқару функциясы уақытша Роман Склярға жүктелді.

Amanat партиясы жаңа премьер-министр ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Ал Мәжілістің пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Amanat және «Ақжол», Respublika, «Ауыл» партияларының фракциясы бұл ұсынысты қабыл алған болса, ЖСДП мен Қазақстан халық партияларының фракциясы қалыс қалды. 

6 ақпан күні үкімет құрамы қайта жасақталды. 4 министрден өзгесі лауазымын сақтап қалды. ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов және Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз қызметтерінен айырылды.

Жаңа Қаржы министрі 45 жастағы Мәди Такиев болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы болып 52 жастағы сенатор Ақмарал Әлназарова тағайындалды.

Ал 40 жастағы Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі болды.

Бәйтерек холдингін басқарған Нұрлан Байбазаров Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды. 

Жаңа құраммен жаңа басшы алғашқы жиынын өткізіп те үлгерді. Олжас Бектенов үкімет мүшелерін «аз сөйлеп, көп іс тындыруға» шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз