Алматыдағы жер сілкінісі кезінде 70 көп қабатты үй мен мектеп қабырғалары жарылған
Алматыдағы жер сілкінісі кезінде 70-ке жуық көпқабатты үйлерінің қабырғалары зақымдалған. Зиян шеккен ғимараттар ішінде мектептер де бар. Әкімдікке үй қабырғаларын жарықтар пайда болғаны жөнінде 190-ға жуық өтініш келіп түскен. Әкімдік бір ай ішінде аталған нысандарға сараптама жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Курсивке» Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қала әкімдігіне көзге көрінетін зақымданулар туралы қала тұрғындарынан 188 шағым түскен, оның 70-і көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты.
Жағдайды бағалау аталған учаскелерге жұмыс топтары жіберілген. Жұмыс тобының құрамына аудан әкімдіктерінің, қала құрылысы және урбанистика бәлімдерінің, бақылау бөлімінің мамандары кірген.
«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты (ҚазҚСҒЗЖИ) алдағы бір айда 188 нысанға ресми қорытынды беру арқылы сараптама жүргізуді жоспарлап отыр»,– делінген хабарламада.
Зиян шеккен үйлерді кім жөндейді…
Әкімдіктің хабарлауынша, жер сілкінісі кезінде ғимараттарда пайда болған жарықтар жөндеуге келеді.
«Кондоминиум объектісі саналатын тұрғын үйлердің қабырға жарықтары пәтер иелері корпоративтері есебінен жөнделеді. Әкімдік бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымға жататын нысандарды қалпына келтіреді»,– делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Алматыда 2024 жылғы жер сілкіністерінің салдарын жою шараларына 40 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.
«Алматы қаласында күшті жер сілкіністерін ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесі» бойынша қызметтерге 39 млн 546 мың теңге бюджет қаражаты қарастырылды», – деп хабарлады департамент.
Алматы облысынддағы жағдай бойынша
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Алматы облысына жататын қала маңындағы 44 ғимараттың қабырғалары шытынап, едені шөккен.
Сондай-ақ Алматы облысы бойынша жедел штабқа Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл және Іле аудандарынан да өтініштер келіп түскен. Оған сәйкес 44 нысанның зақымданғаны анықталған. Оның ішінде 26 мектеп, тоғыз денсаулық сақтау нысаны (дәрігерлік амбулатория мен учаскелік аурухана) және тоғыз мәдениет ошағы бар.
Тексеру барысында 34 нысанның тірек қабырғаларына әсер етпейтін жеңіл зақымданулар анықталған. Ал қалған 10 ғимараттар қаттырақ зақымдалған.
«Ал қалған он мектеп ғимараты түрлі факторлардың әсерінен техникалық мүмкіндіктерінің жоғалуына байланысты айтарлықтай зақымдалғаны анықталды. Ғимарат қабырғаларында жарықтар пайда болып, кей тұста толық жарылған, едендер шөгіп, іргетастар деформацияға ұшыраған»,– делінген хабарламада.
Бұл мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, негізгі құрылымдарын сейсмикалық күшейту мақсатында арнайы қаражат бөлінген.
23 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде үйлері зақымдалған алматылықтар аудан әкімдіктеріне хабарласып, өтініш білдіре алады.
Жер сілкінісі туралы
Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді.
Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.
Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады. Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтты.
«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.
Сонымен бірге Алматы қаласы ТЖД тапсырысы бойынша 2023 жылдың соңына қарай зілзала жайлы ерте хабарлау автоматтандырылған жүйесінің 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталғанын хабарлады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асқан. Яғни 2022 жылы 11 сейсмикалық станса салынса, 2023 жылы 17 сейсмикалық станса салынып біткен. Жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесі қазір тәжірибелік пайдалануға берілген. Шетелдік тәжірибеге сәйкес, апробациялық кезеңнен өтіп жатыр және сынақ режимінде. Жүйе әлі алты ай сынақтан өтеді.