Қытайдың дәстүрлі «көктем мерекесіне» орай Қазақстанмен арадағы кеден бекеттері уақытша жұмыс істемейді – МКК
9-11 ақпан аралығында Қытайда дәстүрлі «көктем мерекесі» аталып өтеді. Осыған байланысты Қазақстанмен шекарасындағы өткізу пункттері осы күндері уақытша жабылады. Бұл күндері шекара бекеттерінен автомобильдер өте алмайды. Бұл жайлы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлкеттік кірістер комитеті, ҚХР-да Көктемді мерекелеуге байланысты 2024 жылғы 9-11 ақпанда қазақстан-қытай шекарасындағы автомобиль өткізу пункттерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктерді өткізу жүзеге асырылмайтындығын хабарлайды»,- делінген комитеті хабарламасында.
Аспан асты еліндегі «көктем мерекесі» кезінде қазақ-қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
МКК тасымалдаушылар мен барлық шекараны кесіп өтуге ниет білдірген азаматтарға осы шектеулерді ескеруді сұрап отыр.
Айта кету керек, Қытаймен шекарадағы ең ірі «Нұр жолы» автокөлік өткізу бекеті тәулік бойы тәртібіне көшкен.
Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан-Қытай кеден қызметі басшылары арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу туралы келісімге қол қойылған.
«Қалған автобақылау бекеттері күнделікті 12 сағаттық жұмыс кестесіне көшуде», –деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстаннан шығу электронды кезек арқылы рәсімделеді. Бұл шекарадан өту уақытын қысқартады. Бұған қоса Қытай тарапы рұқсат бланкілерін автоматтандырылған жүйемен беретін болды.
Сонымен қатар, Қазақстанда транзиттік әлеуетті дамыту және тауар айналымын ұлғайту мақсатында Үкімет Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы өткізу пункттерін толыққанды жаңғыртылады.
Жаңғыртумен қатар кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, цифрландыру және автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның шеңберінде Бас диспетчерлік басқармадағы кеден бекеттерін орталықтандырылған бақылау жоспарлануда.
«Жаңғырту өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Шекарадан ыңғайлы өту және мемлекеттік бақылау түрлерін сапалы жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалады. Қозғалыс жолағы 2-ден 6-ға дейін кеңейтіледі. Өткізу мүмкіндігі 8 есеге ұлғайтылады және тауарлар мен көлік құралдары қозғалысының барлық циклін автоматтандыру арқылы шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады»-делінген хабарламада.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 10 айда кедендік төлемдер мен салықтан түскен түсім 3,3 трлн теңгені құрады. Оның ішінде үшінші ел импортының қосылған құн салығы 36%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл 2022 жылды тұтас алғандағы көрсеткіштен 100 млрд теңгеге артық.