Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі Саян Ахметжанов Шымкент шенеунігінің жиналыс үстінде ұсталуына қатысты пікір білдірді.
Журналистер Шымкентте жиналыс ортасында әкімдіктің лауазымды тұлғасының ұсталғанын қазақстандықтардың қызу талқылағанын айтты. «Жалпы жемқорлыққа қарсы күрес шаралары спектальге айналып кетті деп ойламайсыз ба?», – деп сұрады БАҚ өкілдері.
«Біз бұл жағдайдан хабардармыз. Жемқорлыққа қарсы қызмет барлық салада ашықтық ұстанады. Агенттіктің барлық шақыртулары жергілікті атқарушы органмен алдын-ала келісіледі. Бұл орайда ұсыныс жергілікті атқарушы орган басшысы, яғни әкімнің өз тарапынан жасалды», – деді Ахметжанов.
Журналистер кінәсіздік презумпциясын алға тартты. Көпшіліктің көзінше адамның қолын қайырып алып кету қаншалықты заңды екенін сұрады. Бірақ агенттік өкілі бұл сұраққа жазбаша жауап берілетінін айтып, пікір білдіруден бас тартты. Десе де, заңда дереу әрі қажет жағдайларда мұндай шара қолдануға болатыны жазылған екен. Яғни сот шешімі болса, осындай тәсілмен алып кету жағдайлары қарастырылған.
Еске сала кетсек, Шымкент әкімдігінің лауазымды тұлғасы Азат Момынов ұсталды. Оны Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің жиналысының үстінде Жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің өкілдері ұстап алып кетті. Момынов Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы міндетін атқарған. Ол қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктеліп отыр. Атап айтқанда әкімдік өкілі қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жымқыру фактісі бойынша тергеледі.
Келтірілген залал сомасы 120 млн теңге. Сонымен бірге агенттік қатарлас қаржылық тергеу барысында шенеуніктің анасына рәсімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылында монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқаны да тексереді.