Жаңалықтар

Боранға байланысты Астанада мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқиды

В Астане отменили офлайн занятия для школьников и некоторых студентов 
Астанада мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқиды/Фото: Shutterstock

Астанада 9 ақпан күні 0-11 сынып мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері қашықтан оқиды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

«Ауа райының нашарлауына байланысты 2024 жылдың 9 ақпанында 0-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері (9-сынып базасында) бірінші ауысымда қашықтан оқытуға көшеді»,– деп хабарлады Астана қаласы Білім басқармасы.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, Астана қаласында 9 ақпанда боран, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан және батыстан соққан жел екпіні 15-20 м/с, 23-28 м/с, 9 ақпанда таңертең 30 м/с және одан да көп болады деп күтілуде.

«Қарлы боран мен желдің күшеюіне байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қаладан тыс жерлерге барудан бас тартуды және қырағы болуды, ауа райының өзгеруі, енгізілген шектеулер туралы ақпаратты қадағалауды ұсынады», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар әкімдікте Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін жарақат пунктері қайда орналасқандығы жайлы айтылған.

«Ауа райының нашарлауына байланысты елордалық жарақат пунктері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», – делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Ересек адамдар мына жарақат пунктерінде қабылданады:

* Р. Қошқарбаев даңғылы, 66 (№1 көпсалалы қалалық аурухана);

* Ә.Молдағұлова көшесі, 28 (№3 көпсалалы қалалық аурухана).

Балалар жарақат пунктері келесі мекенжайлар бойынша жұмыс істейді:

* Р.Қошқарбаев даңғылы, 64 (№2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы);

* Желтоқсан көшесі, 34 (№2 қалалық емхана).

Еске сала кетсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның 12 облысында жолдар жабылып, Астана қаласының оқушылары онлайн оқытуға көшірілді деп жаздық.

Астана қаласы білім басқармасы 8 ақпанда 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқытуға көшірілетінін хабарлады.

«2024 жылғы 8 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», – делінген басқарма хабарламасында.

Айта кетейік, боранға байланысты Астана әуежайында 72 рейс ұша алмай қалды.

Боранға байланысты Астана әуежайында 72 рейс тоқтады. Бұл жайлы Астана әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

«Астана қаласы әуежайының әуеайлағында 19 м/с жылдамдықпен және екпіні 23 м/с дейін қатты жел соғып тұр. Мұндай ауа-райы ұшақтардың ұшуы мен қонуы кезінде қиындықтар туғызуы мүмкін, сондықтан әуекомпаниялар жолаушылар мен экипаждардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейстерді тоқтату немесе кешіктіру туралы шешімдер қабылдайды», – делінген хабарламада.

Әуежай баспасөз қызметінің мәліметінше 8 ақпанға елорда әуежайында 72 рейс жоспарланған. Оның ішінде ұшатын 7 рейс, қонатын 8 рейс тоқтатылған. Сонымен қатар, ұшуы тиіс 6 рейс, ал ұшып келуі тиіс 12 рейс кешіктірілген. Бұл кідірістер мен тоқтатулар қолайсыз метеожағдайлармен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен байланысты.