Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі: ұшақтар мен пойыздардың кестесі өзгереді
Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кезінде ұшақтар мен пойыздардың кестесіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Қорының ресми Telegram-каналы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, ҚТЖ пойыздардың қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізеді. Пойыздар наурыз айында билетте көрсетілген уақытта келіп, жөнелтілетін болады.
«Ең бастысы, жолаушылар уақытты ауыстыру керек»,– делінген хабарламада.
Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді.
«Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Тараз, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Өскемен, Семей, Талдықорған және Жезқазған қалаларына/қалаларынан ұшу уақыты 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:01-ден басталатын (елорда уақыты бойынша) рейстерге авиабилеттер сатып алған жолаушыларға әуежайлардың call-орталықтарына хабарласып, рейсті орындау кестесін нақтылау қажет (сондай-ақ оларға SMS және поштаға хабарламалар жіберілетін болады)»,– делінген хабарламада.
Айта кетейік, еліміздегі уақыт белдеудегі өзгерістер барлық халықаралық брондау жүйелеріне енгізіледі.
«29 қаңтарға дейін ұшу уақыты 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:01-ден басталатын (елорда уақыты бойынша) авиабилеттер сатып алған азаматтар рейс билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат бұрын орындалатынына назар аударуы керек. Билетті 29 қаңтардан кейін сатып алғандардың әуе билеттерінде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ескеріліп, дұрыс уақыт көрсетілген», – деп хабарлады Qazaq air.
Айта кетейік, 8 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу жобасын дайындады.
Қазақстанның бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделеу үшін министрлік жұмыс тобын құрды.
Ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл биологиялық ырғақтар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды.
Жұмыс тобының нәтижесі бойынша «Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері» туралы есеп берілді.
1 желтоқсанында есеп бекітіліп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.
Еске сала кетсек, Қазақстанның барлық аумағы бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді: кей өңірлерде 1 наурыздан бастап сағат тілі кері жылжиды деп жазған едік.
Сонымен қатар бірыңғай уақыт белдеуі электр қуатын тұтыну көлемін ұлғайтады.
KEGOC АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, ел азаматтары таңғы және кешкі уақытта электр қуатын бұрынғыдан көбірек пайдаланатын болады. Сәйкесінше осы уақыт аралығында электр қуаты үшін әдеттегіден артығырақ ақша жұмсалады.
«Бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуіне байланысты міндетті түрде электр қуатын тұтыну көлемі ұлғаяды. Тұтастай алғанда 1 сағат уақыт біздің жүйеге салмақ салмайды. Энергетика жүйесіне алаңдауға негіз жоқ. Электр қуатын тұтыну шығыны айтарлықтай өспейді, шамалы ғана болады. Электр қуатын тұтыну көрсеткіші қарбалас уақытта ғана, яғни таңғы және кешкі уақытта ғана ұлғаяды», – деді Нәби Айтжанов журналистерге арналған брифингте.