Шектеулер алынды: Қазақстан Қытайға ет экспорттауды қайта жандандырады
7 ақпаннан бастап Қазақстаннан Қытайға құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге енгізілген және осыған дейін қолданыста болған аусыл бойынша шектеулер алынып тасталды. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге тыйым салу 2005 жылдан бастап жалғасып келеді. Ал аусыл бойынша шектеулер 2022 жылы енгізілген еді. Шектеулерді алып тастау ҚР оңтүстік-шығыс өңірлерінен Қытайға мұздатылған сиыр және шошқа етін, сондай-ақ, құс шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымын экспорттауды қайта бастауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Енді Қазақстан экспорттық тауарлар желісін кеңейту бойынша ветеринарлық талаптарды келісу рәсімін, сондай-ақ еліміздің барлық аумағынан кәсіпорындардан экспорттауға келісім алу бойынша жұмысты бастай алады.
Шектеуді алып тастау туралы шешім ҚР Президенті 2023 жылы ҚХР-ға ресми сапарынан кейін қабылданды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге дайын екенін атап өткен еді.
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин де көрші елдің тиісті салаларымен бірқатар келіссөздер жүргізді. Ал, 2023 жылғы қарашада Айдарбек Сапаров ҚХР Бас кеден басқармасының төрағасы Юй Цзяньхуамен ресми кездесу өткізген болатын.
«2023 жылы қытайлық тарап құс тұмауы мен аусыл бойынша қауіп-қатерге бағалау жүргізді. Желтоқсан айында ҚХР ГТУ сарапшылар тобы мен ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігінің Қазақстанға сапары аясында жоғарыда аталған ауруларға жеткілікті бақылауды қамтамасыз ету тұрғысынан ветеринариялық қадағалау қызметіне аудит жүргізілді», – делінген хабарламада.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайға экспортқа бағытталған кәсіпорындар тізілімін кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады.
Еске сала кетсек, экспортқа шығарылатын мал басына «Е-лицензиялау» порталы арқылы квота беріледі деп жазған едік.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара және ұсақ малдарды экспорттауға алты ай мерзімге сандық квота енгізеді. Шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қатысты да қолданылады. Бұйрық күшіне 2024 жылдың 2 ақпанынан бастап енеді.
«Шектеу шаралары «Қазақстан Республикасының аумағынан жануарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес», – делінген хабарламада.
Квота санын бөлу «Е-лицензиялау» порталында тауар экспортына лицензия беру кезінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады.
АШМ мәліметінше, ірі қара және ұсақ малдарды экспорттауға лицензия алуға өтінімді 2024 жылы 2 ақпанынан бастап беруге болады.
Айта кетейік, «Азық-түлік корпорациясы» ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды жаңа тәсілмен қаржыландырады.
«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы»фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының қатысуымен астықты үш жақты форвардтық сатып алуды енгізбек.