Қаңтар оқиғасына қатысы бар: «Дикий Арманның» сыбайластары ұсталды
Қаңтар оқиғасына қатысқан «Дикий Арманның» сыбайластары ұсталды. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 ақпан күні Алматы және Шымкент қалаларының аумағында ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері ұзақ уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып жүрген қаңтар оқиғасының екі қатысушысын ұстаған. Олардың Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысы бар екені айтылған.
«Ұсталғандардың бірі Самат Әмірбаев 2022 жылы Шымкентте кісі өлтіруге және сол қаланың басқа тұрғынына қатысты өзінше билік етуге қатысы бар деп күдіктелуде. Ол Түркістан облысының аумағында ұсталды. Оның кісі өлтіру фактісі бойынша сыбайластарының бірі 16 жылға сотталып, қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатыр. Ұйымдасқан қылмыстық топтың екінші мүшесі Алматы әуежайында шекаралас елдің аумағынан келгеннен кейін ұсталды. Онда ол Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырынған. Ұсталған адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес шеңберінде іздеуде жүрген ҰҚТ мүшелерін, оның ішінде қаңтар оқиғасына қатысушыларды ұстау бойынша басқа шараларды жүзеге асырған. Полиция мәліметінше, өткен жылдан бері ел аумағында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп күдіктелген ұйымдасқан қылмыстық топтардың 19 көшбасшысы мен белсенді мүшеcі ұсталған.
«Дикий Арманның» тағы қандай сыбайластары ұсталды?
Еске сала кетсек, шілде айында ІІМ Арман Жұмагелдиевке қатысы бар Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталғанын хабарлады.
Арнайы операция барысында қылмыстық ортада «Нойс» деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің «оң қолы» басқаратын ҰҚТ-ның негізгі криминалдық буынын жою бойынша іс-шаралар жүргізілген. Сонымен бірге криминалдық ортада «Карась» лақап атымен белгілі «Дикий Арманның» тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылған.
Ал қыркүйекте Қайрат Құдайберген мен «Дикий Арманға» қатысты сот басталды.
Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қатарында 41 адам бар. Олардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев, Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Искаков, 2013 жылы «Қорғас ісі» бойынша куәгер болған Талғат Махатов бар.
Олар 2022 жылдың қаңтарындағы жаппай тәртіпсіздіктен кейін қамауға алынды. Содан кейін Бас прокуратура Арман Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі куратордың нұсқауымен жұмыс істегенін анықтады. Бас прокурор Берік Асылов Жұмагелдиевтің тәртіпсіздік ұйымдастырып, көпшілікті бақылауға алуы қажет болғанын айтты. Сондай-ақ билікке талап қою үшін «халық кеңесін» құру туралы тапсырма алғанын мәлімдеді.
Айтуынша, Жұмагелдиевке Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты, Махатов криминалдық тобының белсенді мүшесі Қайрат Құдайберген белсенді көмектескен. Ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйіне ұйымдасқан түрде келген бандиттерді қаруландырған.