«Қазпошта» ұлттық операторлар тізілімінен шығарылды  – БҚДА

Жарияланды
"Қазпошта"
Ұлттық операторлар реестрінен «Қазпошта» АҚ мен «Kazimpex» ЖШС шығарылды / Фото: shutterstock

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазпошта» акционерлік қоғамын ұлттық операторлар тізілімінен шығарды. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша екі оператор арнайы құқықтарынан айырылып, тізілімнен шығарылды, олар – «Kazimpex» ЖШС (Қазимпекс) және «Қазпошта» АҚ»,  – делінген хабарламада.

Агенттік 15 мемлекеттік монополия субъектісі көрсеткен 1000-нан астам қызметке сараптама жүргізген. Нәтижесінде жалпы сомасы 30 млрд теңгеден астам осы субъектілердің жобалық шығындары оңтайландырылған.

Сонымен бірге алтыншы монополияға қарсы шаралар пакеті аясында бес компания оператор мәртебесінен айырылған. Оларды мәртебесінен айыруға қатысты заң жобасы келісу сатысында және 2024 жылдың екінші тоқсанында Парламент талқылауына ұсынылады.

Жалпы, 2022 жылдың қазан айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының шешімімен мемлекеттік монополия мәртебесіндегі 18 компанияның және ерекше құқығы бар 17 компанияның тізімі бекітілген. Заңға сәйкес бұл ұйымдардың қызметі шектеледі және олардың әдеттен тыс өнім өндіру, басқа заңды тұлғаларға қатысу, құқықтарды беру және мемлекеттің рұқсатынсыз баға белгілеуіне шектеу қойылады.

Өз кезегінде БҚДА аталмыш компаниялардың белгіленген шектеулердің сақталуын тікелей бақылауды жүзеге асырады. Агенттік қадағалауымен үш мемлекеттік монополия субъектісі бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылған. Олар – «Фитосанитария» РМК, «Қазақ орман шаруашылығы кәсіпорны» РМК ШЖҚ, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК.

Сонымен қатар агенттік жаңа монополиялардың құрылуына тосқауыл қойып, қызметтің алты түрін бәсекелестік саласына көшіруді ұсынған.

Бұдан бөлек БҚДА заңнамалық деңгейде бекітілген тағы жұмыс істеп тұрған 18 операторды анықтаған. Қазіргі уақытта олардың 13-і сараптамада, 2-і арнайы құқық иегері деп танылған. Ал 3-і белгіленген критерийлерге сәйкес келмейді.

Сондай-ақ баспасөз хабарламасында агенттіктің бастамасымен он министрлік монополияға қарсы органмен келісе отырып, арнайы құқық субъектілерінің қызметтерінің бағаларын бекітуге өкілеттік алғаны хабарланған.

Еске сала кетсек, 7 ақпан күні компанияның басқарушы директоры ауысты. «Қазпошта» АҚ HP, PR және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі басқарушы директоры болып Талғат Ғазизов тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз