Полиция «Айшуақ-Жантүгел» қылмыстық тобының мүшелерін ұстады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Полиция «Айшуақ-Жантүгел» қылмыстық тобының мүшелерін ұстады / shutterstock

7 ақпанда ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері Алматы қаласында құрамында белгілі «Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері бар топты құрықтады. 

ІІМ ақпаратына сүйенсек, жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 14 адам ұсталды. Олардан 7 атыс және травматикалық қару, 4 граната, 200-ден астам оқ-дәрі, есірткі заты, басқа да суық қару тәркіленген. 

«Топ мүшелері кәсіпкерлерге өздерінің криминалдық «қамқорлығын» көрсете отырып, оларды бопсалаумен айналысқаны анықталды. Олар Алматы қаласының темір жол вокзалдары аумағында, сондай-ақ базарларында өз ықпалын жүргізген. Ұсталған адамдарға қатысты Алматы қаласы ПД тергеу басқармасы бопсалау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша бірнеше қылмыстық істі тергеуді бастады», – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс. 

7 ақпанда полиция Степногорск қаласында осыған ұқсас рейд жүргізген.

«Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты Ақмола облысы ПД тергеу басқармасы бопсалау фактілері бойынша 6 қылмыстық істі тергеп жатыр. Көрсетілген фактілер бойынша өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жарияланбайды», – деді Қуандық Алпыс.

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу бойынша 15 факті анықталып тіркелген. Әртүрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық топтардың 30-дан астам жетекшілері мен белсенді мүшелері ұсталған.

Осыған дейін полицейлер Шымкент қаласы, Павлодар, Алматы, Ақмола, Абай және Атырау облыстарында жастардың қылмыстық топтарын ұстағанын жазған едік.

Polisia.kz хабарлауынша, мұндай топтар көбінесе жасырын сипаттағы қылмыстарды жасайды. Сондықтан жәбірленушілер қаскөйлердің қорқытуының салдарынан немесе тағы да басқа себептермен полицияға жүгінбейді. 

«Биыл қаңтар айында басқа да бірқатар өңірде осындай ұстаулар жүргізілді. Мәселен, Шымкентте жедел ақпаратты тексеру барысында университеттердің бірінен үш студентті ұрлау фактісі анықталды. Тексеріс барысында 20 жастағы алты жігіт криминалитет өкілінің ықпалына түсіп, бірнеше бопсалау және өзге де қылмыстар жасағаны анықталды. Бір эпизодта олар үш студентті автокөлікке отырғызып, қаланың сыртына апарған, онда олар күш көрсетіп, мобильдік қосымша арқылы онлайн-несие ресімдеткен және 700 мың теңгені тартып алған. Топтың барлық қатысушысы ұсталды», – делінген хабарламада.

Алматы облысында 23 жасқа дейінгі үш тұрғыннан тұратын топ ұсталған. Олар 2005 жылы туған қызбен келісіп, адамдарды алдап пәтерге апарып, жәбірленушілерді күш көрсетеміз деп қорқытып ақша бопсалаған. Күдіктілер ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынған.

Павлодар облысының Ақсу қаласында бопсалау және алаяқтық қылмыстар жасағаны үшін жастар тобы ұсталған. Олар жәбірленушілерді несие ресімдеуге мәжбүрлеген, кейіннен ақша мен тауарларды иемденген.

ҰҚК Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстанмен шекарада заңсыз қару сатып, есірткі таратып, өзге де ауыр қылмыс істеген деген күдікпен 72 адам ұстады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізген. 

Сондай-ақ оқыңыз