Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалды елге тағы 44,6 млрд теңге қайтарды

Қайрат Сатыбалды елге тағы 44,6 млрд теңге қайтарды / shutterstock және gov.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істі тергеу шеңберінде елге жыл басынан бері 44,6 млрд теңге қайтарды.

«Қазіргі уақытта қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебінен республикалық бюджетке жіберілді»,– делінген антикор хабарламасында.

Бұл туралы Антикор төрағасы Асхат Жұмағалидің департамент басшыларымен жедел кеңесі кезінде айтылды. Кеңесте шенеуніктер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмаларын талқылаған.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестициялардың тағы бір көзі болуға тиіс»,– делінген хабарламада.

Сонымен қатар Президент экономикаға жаңа серпін беру үшін кәсіпкерлермен және инвесторлармен толыққанды серіктестік құру қажеттігіне назар аударғаны сөз болды.

«Бір жыл бұрын Антикормен бизнесті қорғау жұмысы аясында «Бизнеске жол» жобасы іске қосылды. Ол жергілікті жерлерде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жүйелі әкімшілік кедергілерді жоюға арналған»,– делінген хабарламада.

Жоба іске қосылған сәттен бастап 600-ден астам проблемалық кейс шешіліп, 30 мыңға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілген.

Бұдан бөлек, Тоқаев тапсырмасына сәйкес, «ақшаны бояуды» пилоттық енгізу үшін автожолдар салу, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу, сондай-ақ Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қаражатын пайдалану салалары айқындалған. 

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғанын хабарлаған болатын. Ол кезде Бас прокуратурамен бірлескен іс-әрекеттер негізінде Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары елге әкелінгені хабарланған еді.