2023 жылы Қазақстанда ресейлік әртістер қатысуымен өтетін 100 мәдени шара тоқтатылды
2023 жылы Қазақстанда ресейлік әртістер қатысуымен өтуге тиіс болған 100 іс-шараға шектеу қойылды. Бұл туралы Ticketon сервисі хабарлады.
«Көңіл көтеру нарығына геосаяси жағдай белгілі бір деңгейде ықпал етті. 2023 жылы жарияланған 1743 шараның 12,7% (222 шара) тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Сервис ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда былтыр жоспарланған 1743 шараның 80%-ы (1402 шара) қазақстандық, 18%-ы (315 шара) ресейлік. Ал 3,4%-ы (58 шара) өзге елдерден. Оның ішінде қазақстандық іс-шаралардың – 6,63%-ы (93 шара), ресейлік шаралардың – 31,75%-ы (100 шара), өзге елдер шараларының – 3,33%-ы (23 шара) тоқтатылған.
Жалпы 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Ресей әскері мен осы соғысты қолдаған әртістердің Қазақстандағы концерттеріне қарсылық акциялары басталды. 2023 жылдың маусым айында Қазақстанда ресейлік әнші Григорий Лепстің концерті тоқтатылды. Лепс Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдап, Ресей әскеріне қаржылай көмек көрсеткен. 2023 жылы қыркүйек айында ресейлік ұлты қазақ Азамат Мұсағалиевтің «Камызяки» тобының концертіне тыйым салынды. Мұсағалиев өз командасымен бірге Ресей басып алған Украинаның Донецк облысында концерт берген.
Осыған дейін 2023 жылы қазақстандық «Таптым-ау сені» фильмі кассалық түсім бойынша голливудтық «Аватар: Су жолы» фильмін басып озғанын жазған едік.
Ticketon сервисінің ақпаратына сүйенсек, қазақстандық картина 2023 жылы 1,54 млрд теңге жинаған. Голливудтық фильм 1,17 млрд теңге (фильм прокатқа 2022 жылы желтоқсанда шыққан, желтоқсандағы қаржы есепке алынбаған – ред.) тапқан. Үшінші орында «Форсаж 10» фильмі 1,10 млрд теңге табыс тапқан. Үздік ондыққа отандық фильмдер қатарынан «Қазақша бизнес Үндістанда» фильмі енген.
Өңірлер бойынша 14 қалада «Таптым-ау сені», 3 қалада «Чебурашка» фильміне келушілер көп болған. Тағы бір отандық картина «Міржақып. Оян, Қазақ» фильміне Павлодар тұрғындары көп келген.