Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстанда қанша адам мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатқанын жариялады.
Агенттіктің орталық және жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің санына қатысты мәліметінде 21 министрлік пен 3 мегаполисте және 17 облыста мемлекеттік қызметкерлерге штат бойынша 76 321 орын қарастырылғаны көрсетілді.
Ақпан айының алғашқы күніндегі дерек бойынша мемлекеттік қызметте 67 333 адам жұмыс істеп жатыр. Штаттық кестеде 8 988 жұмыс орны бос тұр.
Министрліктер бойынша саралайтын болсақ, бөлінген штат саны көрсеткішінде Қаржы министрлігі көш басында. Бұл мекемеде 14 327 адам еңбек етеді. Штат саны 15 350 адамға арналғанын ескерсек, министрліктің әлі 1023 адамға жұмыс ұсыну мүмкіндігі бар екенін түсінуге болады. Денсаулық сақтау министрлігі екінші орынға орналасыпты. Бұл жерде 4369 адам жұмыс істейді. Штаттық кестеде 4 929 адамға жұмыс орны қарастырылған. Жұмыс іздеген 560 маманға Денсаулық сақтау министрлігіне баруға болатын секілді. Үздік үштікті Ауыл шаруашылығы министрлігі түйіндеп тұр. Аграрлық салаға қатысты мемлекеттік қызметте 3 259 адам тер төгіп жатыр. Бөлінген 3570 штаттық орынның 311-і әзірше бос.
Қорғаныс министрлігінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызмет атқаратын азаматтарға штаттық кесте бойынша 26 жұмыс орны берілген. Атап көрсетерлігі, бос орын жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкер ретінде 717 адам еңбек етуде. Министрлік штаттық кестені толтыру үшін тағы 74 адамды жұмысқа қабылдай алады. Ішкі істер министрлігінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызмет 1446 адамға жүктелген. Штаттық кестедегі 1492 жұмыс орнының
46-сы бос.
Штаты шағын атқарушы орган – Туризм және спорт министрлігі. Мұнда қазір 126 адам жұмыс істеп жатыр. Жалпы штат саны 165 адам. 39 қызметкер қабылданса, штат толық болады.
Бос жұмыс орны ең аз мекеме – Ғылым және жоғарғы білім министрлігі. Министрліктің 231 адамға арналған штатында 215 адам еңбек етуде. Бұл жерде 16-ақ орын бос.
3 мегополистегі мемлекеттік қызмет орындары
Еліміздің 3 мегаполисіне келетін болсақ, Астананың атқарушы органдарына штаттық кесте бойынша 931 орын бөлінген. Қазір 883 адам жұмыс істеп жатыр. 48 адамға бос жұмыс орны бар. Алматыда мемлекеттік қызметке қарастырылған 1309 жұмыс орнының 1165-іне жауапты адам қабылданған. 114 орын лауазым иесін күтіп тұр. Шымкентте
690 адамның өмірі атқарушы органмен байланысқан. Штаттық кестедегі 754 адамға бөлінге орынды толтыру үшін мемлекеттік қызметке әлі 64 адамды тартуға болады.
Түркістан облысы атқарушы органға штаттық кесте бойынша бөлінген 3633 жұмыс орнының санымен өзге облыстардан озып тұр. Мемлекеттік қызметте қазір жұмыс істеп жатқан 3447 маманға 186 адам қосса, штаттық кесте толады. Қостанай облысында мемлекеттік қызметке 3187 жұмыс орны бөлінген. 2997 адам жергілікті атқарушы органдарда қызмет етіп жатыр. 190 орын бос тұр. Ақмола облысында мемлекеттік қызметкерлерге 3068 штат қарастырылған. 2793 орынға адам алынған. Штаттық кестедегі 275 жұмыс орны бос.