2027 жылы Қазақстандағы көліктердің тең жартысы шағын торапты жинақ әдісімен құрастырылады
2027 жылы Қазақстандағы көліктердің тең жартысы шағын торапты жинақ әдісімен құрастырылады. Бұл туралы Kursiv.kz редакциясының сауалында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің берген жауабында жазылған.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың 11 айында республикада 124,4 мың бірлік жеңіл автокөлік шығарылды. Оның ішінде шағын торапты жинақ (CKD) әдісімен өндірілгені 11,3 мың бірлік. Бұл ретте министрлік мұндай көліктердің үлесін арттыруға ниетті. Сондықтан автоөндірушілерге қойылатын талаптарды күшейту мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.
«Талап бойынша 2027 жылға дейін көліктердің 50%-ы CKD әдісімен өндірілуі керек. Бұл жеткілікті мамандардың біліктілігін арттыруға және жинақтаушы жабдықтардың өндірісін ұйымдастыруға қосымша мүмкіндіктер береді», – деп жазылған министрлік жауабында.
Осылайша, дәнекерлеу және бояу операцияларын қолдану арқылы өндірілетін көліктер үлесі артады. Мәселен, 2024 жылы 20%; 2025 жылы 30%; 2026 жылы 40%; 2027 жылы 50%-дан кем болмауы шарт.
2023 жылы Қазақстанда түрлі үлгідегі 148 885 көлік өндірілген. Бұл 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 30,2%-ға жоғары. Олардың ішінде, жеңіл автокөліктердің саны 134 мыңды құрады. Оның 13 мыңы немесе 9,7%-ы CKD әдісімен шығарылды. Қалғаны сәйкесінше SKD әдісімен өндірілді.
Қазіргі уақытта автокөлік өндірушілеріне қандай талаптар қойылады? Барлық автокөлік өндірушілері осы талаптарды сақтап келе ме?
Министрлік ақпаратына сүйенсек, 2022 жылғы мамырда ҚР заңды тұлғаларымен көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыр туралы шартты жасасу қағидалары, сондай-ақ өзгертулер мен талапты сақтамау негіздері және оның үлгілік нысаны бекітілді.
«Осы қағидалар аясында жеңіл автокөліктерді өндірушілерге арнайы талаптар бар. Яғни, жеңіл автокөліктерді өндірушілерге екі немесе одан да көп марка көлік құралын шығарған кезде көліктің әрбір маркасы үшін кемінде бір үлгідегі шанақтарды дәнекерлеу және бояу бойынша техникалық операцияларды жүргізу талап етілді. Сонымен қатар, кәсіпорында көліктің бір ғана маркасын шығарған кезде кемінде екі үлгіні дәнекерлеу және бояу қағитады қарастырылған», – деп жазылған ведомство жауабында.
Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, 2023 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында отандық зауыттар 1,65 трлн теңгеге 136 909 көлік құралын шығарған.
Қазақстандықтардың 50%-ы ескі көлік мінеді, ал жаңа көлік үлесі 6% ғана.