Алматыда лай көшкіні астында қалған төрт адамның денесі табылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алматыда лай көшкіні астында қалған адамдардың денесі табылды / Фото: Алматы ТЖД

Алматыдағы лай көшкіні кезінде қираған үй астында қалған барлық адамның денесі табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Құтқарушылар оқиға орнынан 1984 жылы туған ер адам мен 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылғы екі жас жігіттің денесін шығарды», – деп хабарлады қалалық ТЖД. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары туыстары мен көршілеріне жедел психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Апат болған жерді лайдан тазарту жұмыстары жалғасуда.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Тау-Самалы шағын ауданындағы лай көшкініне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, жеке сектордың коммуникацияларға қосылуы ретсіз әрі қауіпті.

«Мәселені шешу үшін біз өткен жылдан бастап тарату желілерін салу бойынша жобаны әзірлеуге кіріскен болатынбыз», – деді әкім.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қайтыс болған отбасының туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол қайтыс болған азаматтарды жерлеуді ұйымдастыруға көмек көрсетуді тапсырған.

«Құтқару қызметі Медеу ауданындағы қираған үйде тұрған отбасы мүшелерін іздеуді аяқтады. Қайғылы оқиға 4 адамның өмірін қиды. Мен қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақпын. Оларға шын жүректен қатты қайғырып, көңіл айтамын»,– деді Досаев.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, қайтыс болған отбасының үлкен ұлы қазір шетелде оқиды. Досаев оның білім алуына және елге келгеннен кейін өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетуді тапсырды.

Еске сала кетсек, 8 ақпан сағат 2:20 шамасында Алматының Медеу ауданындағы Тау-самалы ықшам ауданында көшкін жүрді. Лай топырақ жеке меншік екі үйді басып қалған. Төтенше жағдайлар қызметі бір үй толық, екінші үй жартылай топырақ астында қалғанын хабарлаған. Кейін лай көшкіні орнынан ер адамның денесі табылды.  Ол ғимараттың қирауы салдарынан қайтыс болған. 

Ақпаратқа сәйкес, екі үйде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.

Төтенше жағдай министрлігінің ақпаратына сүйенсек, суық сумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан топырақ ылғалданып, кейін көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жер үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.

Оқиға орнына қала әкімі Ерболат Досаев келді. Оның айтуынша, құтқару жұмыстары түнгі 3-тен бері жалғасып жатыр.

«Негізгі мақсат – іздеу-құтқару жұмыстары. Үйде болған адамдарды іздеуге жұмылдырылған топтың жұмысын үздіксіз қамтамасыз ету қажет», – деді Ерболат Досаев.

Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары № 47 мектепке эвакуацияланды. Оларға түнеу орны, жылы шай және басқа да қажетті көмек көрсетілген. Кейін тұрғындар өз еріктерімен туыстарының үйіне кеткен.

«Оқиға орнында «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының «109 құтқару қызметі» ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды», – делінген хабарламада.

Алматыда лай көшкіні болған жерде дәрігерлер бригадасымен ТЖД психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр. Құтқарушылар зардап шеккен азаматтарды іздестіруде. Алайда оқиға орнында үйлер жақын орналасқандықтан,  техниканы қолдану мүмкін емес екені хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз