Короновирусқа байланысты Мәжілісте бетперде кию режимі енгізілді
Мәжілісте COVID-19 коронавирусты инфекциясына байланысты карантин жарияланды. Бұл жайлы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
«Президент Іс Басқармасының медициналық орталығының бас санитарлық дәрігері Темиргалиева А.К. 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысына сәйкес, Парламент Мәжілісінің аумағында коронавирустық инфекцияға қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты 7 ақпаннан бастап міндетті түрде бетперде кию режимі және басқа да алдын алу шаралары енгізілді»,- делінген хабарламада.
Жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылатыны хабарланған. Болмаса жиындар Мәжілісте бетперде режимі мен санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізіледі.
Осы орайда журналистерге де осы санитарлық талаптарды орындау міндеттеледі. Мәжілістегі іс-шараларға қатысатын журналистер шектеулер ресми түрде жойылмайынша жоғарыда аталған шараларды сақтауы тиіс. Олар мәжіліс ғимаратына арнайы маскамен ғана кіре еледі.
Еске сала кетсек, осыған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы, қазіргі күні денсаулығына байланысты ем қабылдап жатқаны айтылған болатын.
Сондықтан, 6 ақпан күні Палатаның кеңейтілген отырысына Мәжіліс спикері қатысқан жоқ. Ол жиында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысына қатысып, депутаттарға жаңа премьер ретінде Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Мәжілісте 69 депутат Президенттің ұсынысымен келісіп, 7 депутат қалыс қалған еді.
Сонымен қатар 7 ақпанда Президенттің кеңесшісі Қанат Бозымбаевтың коронавирустың анықталуына байланысты ем алып жатқаны айтылды. Президент әкімшілігі бұл ақпаратты растаған еді.
Сонымен қатар, елде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Қаңтарда желтоқсан айымен салыстырғанда қызылшамен сырқаттану 8%-ға төмендеді. Алматы, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында сырқаттану төмендеген. 11 өңірде жағдай тұрақты. Ал, Ақтөбе мен Атырау облыстарында қызылша жұқтырғандар саны салыстырмалы түрде артқан.