Үкімет лудоманияға қатысты Заң жобасын 1,5 жыл бойы ұстап отыр: депутаттар мұның артында кімнің мүддесі тұрғанын білмейді
Үкімет не себепті лудоманияға қатысты заң жобасын қабылдамай жатыр? Триллиондаған қаражат жатқан заңсыз табыс көзін заңмен реттеуге үкімет неге құлықсыз? Мәжіліс депутаттары осы сұрақтардың жауабын іздеп, өздері әзірлеген заң жобасының 1,5 жыл бойы қабылданбауының себебін сұрады.
«Осыдан тура 1,5 жыл бұрын үкіметке заң жобасын ұсынған болатынбыз. Бұл заң жобасын әріптестерім әзірледі. Заң жобасы букмекерлік кеңселердің қызметін реттеп, құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге тиіс болған. Президент 2023 жылдың қыркүйегінде Қауіпсіздік кеңесін өткізді. Мемлекет басшысы Қазақстанда проблема бар екенін айтты. Түрлі бейресми деректерге сүйенсек, ондағы қаражат айналымы триллион теңгеден асады. Бірақ үкімет бұл заң жобасын 1,5 жылдан бері ұстап отыр. Бұл жерде менің үкіметке деген күдігім анық. Неліктен үкімет бұл заң жобасын сонша уақыт ұстап отыр? Мұнда сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар болуы мүмкін. Яғни бір адамдар өз мүдделерін көздеп отырған болуы мүмкін деген таудай күдігім бар»,– деді депута Елнұр Бейсенбаев.
Депутат бүкіл букмекерлік кеңселер бірігіп, бұл заң жобасын өткізбеуге күш салатынын және жауапты адамдарға ақша ұсынуы әбден мүмкін екенін айтты.
«Олар міндетті түрде үлкен ақша ұсынады. Міне, сыбайлас жемқорлық қайда жатыр. Біз ойнағысы келетін адамдардың жасын шектегіміз келеді. Президент тапсырма берді. Оны фракцияда талқыладық, бірақ заң жобасы орнынан қозғалмай тұр. Ол жерде 100 пайыз сенімділікпен айтам, біреулердің мүддесі тұр. Біз бұл мәселені жаңа премьер-министрге жеткіземіз», – деді депутат.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев бұл процестерге ұзақ уақыт кететінін айтып ақталды. Сонымен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан келетін лоббилік элементтердің де жоқ еместігін жасырмады.
«Бізде белгілі бір процедуралар бар. Оның ішінде реттеушілік әсерді талдау процедурасының бар екенін білесіздер. Талдаудың өзі бірқатар кезеңдерді қамтиды. Оған қоғамдық талқылаулар мен нормативтік құқықтық актілер порталындағы талқылауларды қосыңыз. Бұл рәсімдерге ресми түрде кемінде 45 жұмыс күні кетеді. сонымен бірге ол құжат ұзартылуы да мүмкін. Сонымен бірге Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан келетін лоббилік элементтердің бар екенін жоққа шығармаймын. Олардың міндеті – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Біз барлық платформаларда бұл мәселемен ашық күресіп келеміз. Бүгінгі күні 17 түзетуге қатысты талдау жүргізілді, заң жобасында жалпы 55 түзету көзделген. Сондықтан үкімет мұны әдейі жасап отыр деп айту мүлде дұрыс емес», – деп ақталды.
Алайда Төлебаевтың мұндай ақталуы депутат Асхат Аймағамбетовке ұнамады. Мұндай сылтау айтқанша, вице-премьердің үндемегені абзалырақ болатынын айтты.
«Мұндай жауап бергенше, үндемегеніңіз дұрыс еді. Кейде бұлай ақталғанша, үндемей қалған дұрыс. Бір заң жобасы 1,5 жылға создыңыздар. Бұл нонсенс қой енді. Түсінесіз бе? Сізге ұнасын, ұнамасын, қалаңыз, қаламаңыз, бірақ осынша уақыт жатқандықтан, мұның артында біреу тұруы әбден мүмкін деген күдік пайда болатыны рас»,– деді.
Осы тұста министрлік өкілі тағы да ақталмақ болып еді, депутат оны тыйып тастады.
«Маған кедергі жасамаңыз. Мен сіздің сөзіңізді бөлмедім. Сізге сөз берілген жоқ. Бұл жер митинг емес. Мен мұнда сізге ресми түрде сын айтып жатырмын. Заң жобасы 1,5 жылдан бері қабылданбай жатқанын айттық. Сіз келіп, «Атамекен» рөлі туралы, өздеріңіздің әлсіздіктеріңіз туралы әңгіме айтып отырсыз. Нақты проблема бар екенін мойындауыңыз керек. Сондықтан айтарым, кейде сөйлемес бұрын ойланып алған дұрыс», – деп сынады депутат.
Еске сала кетсек осыған дейін депутат Еділ Жаңбыршин Парламенттің жұмысына баға беріп, онда депутаттардың жүзеге асырмаған заң жобаларына тоқталып өткен болатын. Солардың ішінде осы лудоманияға қатысты Заң жобасы мен жасөспірімдер жиі пайдаланатын, бүгінгі қоғамның дертіне аналып бара жатқан Вейпке қатысты заң жобасы бар.
«Кейде заңдарды тез қабылдау керек болып жатады. Мысалы, лудоманияға қатысты. Вейпке байланысты нормалар да тез қабылдана қоймады. Ол жерде сонымен бергі процедуралық процестер де уақыт алып жатады. Біз қорытынды алуға үкіметке жібереміз», – деген болатын депутат.