Жаңа денсаулық министрі МӘМС жүйесі туралы: Медициналық сақтандыру қорының таратылуын қолдамаймын
Сенат кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіріп, сәтті жобаға айналдыру қажетін айтты.
«Мен қордың таратылуын қолдамаймын, бізге мұндай қор керек. Жалпы алғанда, медициналық сақтандыру жүйесі тұрақты жүйелердің бірі саналады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл өте сәтті жүйе болуға тиіс. Егер біз бір жерде дұрыс жасамаған болсақ, бұл одан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Жүйе жақында ғана енгізілді. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыру жүйесі еліміз үшін қажет. Тек оның жұмысын жетілдіре түсуіміз керек», – деді Әлназарова.
Сонымен бірге журналистер қазіргі уақытта адамдардың белгілі бір сала дәрігерлеріне жазылуы қиындап кеткенін айтты. Қандай да бір дәрігердің қабылдауы үшін терапевтен жолдама болу керек. Бұл уақыт шығындайды. БАҚ өкілдері осы мәселінің шешімін сұрады.
«Иә, тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар мен өтініштердің көпшілігі осы мәселеге қатысты. Бұл бағытта зерттеу жүргізіп, жетілдіруге тырысамыз. Бүгінгі таңда қандай сұрақтар жиі көтерілетінін зерделеп, министрлік тарапынан оларды шешу амалдарын іздестіріп жатырмыз», – деді министр.
Еске сала кетсек, 7 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС жүйесін сынға алған болатын. Мемлекет басшысы бұл сала бюджетінің екі есе артқанына қарамастан, медициналық көмек халық үшін қолжетімсіз болып отырғанын айтты.
«Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес», – деді президент.
Сонымен бірге президент көп жағдайда ресурстардың тиімсіз жұмсалатынын айтты. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ түсіп жатқанын атап өтті. Медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да МӘМС жүйесі түзетулерді талап ететінін айтқан болатын. Ол МӘМС бойынша жұмыс басталғанын айтты. Бірінші кезекте, медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан босатылған. Яғни бұрын әрбір мекеме 6 келісімшарт жасайтын еді, осы жылдан бастап, бір мекеме бір келісімшарт жасайтын етіп цифрландырылған. Екіншіден, арнайы математикалық модель жасалған. Оған сәйкес азаматтардың нақты ем алғаны туралы ақпарат цифрландырылған. Сонымен бірге әр азаматқа қызмет алған алмағаны туралы ақпарат келіп отырады. Осы үш мәселе реттелген.
Сондай-ақ Дүйсеновадан журналистер: «Ажар Ғинияттың министрліктегі қызметінен кетуіне МӘМС жүйесін реттей алмауы себеп болды ма?», – деп сұрады.
«Ажар Ғиният дәрігер ретінде өте жақсы жұмыс істеді. Бірақ МӘМС-те біраз мәселелер бар екені, рас. Сондықтан да, қазір осы МӘМС-тің тиімділігін арттыру мәселесі көтеріліп жатыр. Соған сай жаңа өзгерістер болады деп сенеміз»,– деп жауап берді.