Кейбір қалдық түрлері қайталама ресурс санатына көшіріледі. Бұл жайлы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Ашық НҚА» порталына орналастырған құжатында жазылған.
Құжатқа қалдықтар мәртебесін жоғалтуы мүмкін және дайын өнім немесе қайталама ресурс санатына ауысатын қалдықтар тізбесіне және қалдықтар мәртебесін жоғалтатын, дайын өнім немесе қайталама ресурс (материалдық немесе энергетикалық) санатына ауысатын қалдықтардың жекелеген түрлері енгізілген.
Яғни министрлік бұйрығына сәйкес, пластмассаның, пластиктің, полиэтиленнің, полиэтилентерефталаттың қаптамалары, макулатура, қағаз және картон қалдықтары, пайдаланылған шыны ыдыстар мен шынылар, түсті және қара металл сынықтарының қалдықтары, пайдаланылған шиналар, тоқыма өнімінің қалдықтары, ағаш қалдықтары, қауіпті емес құрылыс қалдықтары қалдық күйін жоғалтып, дайын өнімге немесе қайталама ресурсқа айналуы мүмкін қалдықтардың жекелеген түрлерінің тізіміне енгізілді.
Бұл санатқа ауыстырылған қалдықтар бірнеше критерийлер бойынша таңдалған.
Біріншіден, бұл санаттағы зат немесе материалдар өндірісте белгілі бір мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін. Екіншіден, Қазақстан Республикасында немесе одан тыс жерлерде затты немесе материалдарды сату үшін нарық немесе сұраныс бар. Үшіншіден, зат немесе материалдар тиісті өнімге немесе оны белгілі бір мақсаттарда пайдалануға қойылатын экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс. Төртіншіден, затты немесе материалдарды пайдалану қоршаған ортаға немесе адамдардың денсаулығына зиянды әсер етпеуі керек.
Мұндай қалдық шығаратын өндірушілер, қайталама ресурсқа жатқызылған қалдықтардың есебін жүргізуі керек. Сонымен бірге қалдықтарды есепке алу кем дегенде бес жыл сақталуға тиіс.
Еске сала кетсек, жақында ғана ЭТРМ-нің тағы бір құжаты талқылауға шығарылған болатын. Онда озон қабатын бұзатын заттарды тұтынуға шектеу қою мәселесі көтерілген. Құжат 2024-2025 жылдар кезеңінде озон қабатын бұзатын заттарды тұтыну лимиттерін (квоталары) бекітуді көздейді. 2024 жылға 4,5 тонна, 2025 жылға 0 тонна квота белгіленген.