Tez.kz туроператорының қызметін пайдаланған барлық турист елге қайтарылды
Tez.kz туроператоры өз қызметін тоқтатуына байланысты оператор қызметін пайдаланған туристердің барлығы Қазақстанға қайтарылды. Бұл жайлы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылғы 24 қаңтарда TEZ.KZ туроператоры қызметін тоқтата тұратынын хабарлаған еді. Осыған байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігінің үйлестіруімен ел азаматтарының көшпелі туризм саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі «Туристік Қамқор» қоры қазақстандық туристерді қайтару бойынша жұмысты ұйымдастырды», – делінген хабарламада.
Айта кетсек, аталған туроператор қызметін тоқтататыны туралы хабарлаған кезде шетелде 313 отандық турист болған. Қазіргі уақытта барлық турист Қазақстанға оралған. Министрлік пен Қордың бірлескен жұмысының нәтижесінде туристер елге оралу кезінде ешқандай кедергілерге тап болмағаны хабарланған. Яғни саяхатқа кеткен азаматтардың демалысы турда көрсетілген мерзімге сәйкес өтіп, ұшып келу уақыты турпакетте жоспарланған күндері жүзеге асырылған.
Еске сала кетсек, Tez.kz туроператоры өз қызметін тоқтатқаны туралы хабарлады. Сол кезде Туризм және спорт министрлігі туроператорының барлық турисі Қазақстанға туроператордың кепілдік жүйесінде жинақтаған қаражаты есебінен қайтарылатыны, туристерге туристік өнімде көрсетілгендей келу күндеріне сәйкес Қазақстанға қайту билеті қамтамасыз етілетіні айтылды.
Ал саяхатқа кеткен туристерді қайтаруымен «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры айналысты. Бұл ұйым Қазақстан Республикасының туристік саяхатқа шыққан азаматтарына қатысты туроператор өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда шетелден Қазақстан аумағына тез оралуын қамтамасыз етеді.
Бұған дейін, «Курсив» Заңсыз туристік фирмаларды қалай ажыратуға болатынын жазған. Сарапшылардың пікірінше, олар әлеуетті тұтынушыларын бірінші кезекте жолдаманың төмен құнымен қызықтыруы мүмкін.
«Айталық, ұмра жолдамасының құны 1300-1350 АҚШ доллары аралығында. Ал заңсыз тасымалдаушылар болса, 800-1000 доллар етіп көрсетеді. Бірақ екеуінің жарнамасы бірдей. Жұрт, әрине, арзанына қызығады. Ал олар Мекке мен Мединаға келгенде, қажыларға уәде еткен және жолдама құнына кіретін басқа қызметтерді ұсынбайды. Атап айтқанда, қонақүймен, гидпен қамтамасыз етпейді. Күніне екі рет тамақтану, трансфер, экскурсиялар және т.б деген жоқ. Заңды туроператорлар ешқашан мұндай тәуекелге бас тігіп, алдау дегенге жол бермейді», – деген еді сұхбат берген ҚМДБ Қажылық бөлімінің бастығы Жәнділлә Бекжігітов.